"Ашылғанына бір жарым ай болған": Алматы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы хостелдегі өртке қатысты түсініктеме берді
Алматыдағы өрт болған хостелде шетелдік студенттер де оқыған. Stan.kz тілшісі оқиға орнына барып, мән-жайды анықтап келді.
Өрт болған "Almaty hostel" маңы толығымен қоршауға алынған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, хостелде Қазақстан азаматтарымен қатар шетелдіктер де тұрған.
“Бұл хостелде көбінесе жастар, студенттер немесе жас мамандар тұратын. Үндістан және Пәкістаннан келген медицина университетінің студенттері бар. Қазіргі таңда түрлі шаралар қабылдануда. Эвакуацияланған 45 адам “Элеон” және “Номер 1” хостелдеріне тегін орналастырылды”, – деді Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев.
Хостелде екі апта тұрған Владимир бәрі кенеттен орын алғанын айтты.
"Мұнда біршама адам тұрды. Таңертең ұйықтап жатқанбыз. Өрт дегенді естіген соң қарбалас басталып кетті. Өзім де анық-қанығын білмеймін. Көлігім тұрған еді, алып тастауды өтінді. Меніңше, мұнда студенттер де, жұмыс істейтіндер де тұрды", – деді тұрғын Владимир.
Эвакуацияланған шетелдіктер киініп те үлгермеген. Кейбірі тек жамылғымен жүр.
“Бірінші қабаттан түтін шыққан. Сол түні 72 адам болған. 59 адам эвакуацияланған. Жертөледен 13 адамның мәйіті шықты. Өрттің себептері анықталуда. Әкімшіліктің айтуынша, хостелде қазақстандықтар мен Өзбекстан, Пәкістан азаматтары болған”, – деді Алматы төтенше жағдай департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев.
Хостелдің жұмыс істеп тұрғанына бір жарым ай болған. Департамент басшысының айтуынша, сигнализация жұмыс істеп тұр, алайда өрт сөндіру құралын байқамапты.
Ол жертөлені хостел ретінде қолдануға болмайтынын айтты.
Өрттен кейін республикалық комиссия құрылды.Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов бірінші рейспен Алматыға келеді.
Бұған дейін Алматыда хостелдегі өрттің салдарынан 13 адам мерт болғаны айтылды.