Артур Бетербиев төрешілер шешімімен Дмитрий Биволды жеңіп, бокстан абсолютті әлем чемпионы атанды
Сауд-Арабиядағы Эр-Риядта өткен бокс кешінде жартылай ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекте Артур Бетербиев мен Дмитрий Бивол кездесті. Төрешілер шешімімен Артур Бетербиев бокстан абсолютті әлем чемпионы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 Фото Артур Бетербиевтің желідегі парақшасынан
Фото Артур Бетербиевтің желідегі парақшасынан
Жекпе-жек Эр-Рияд қаласында өтіп, 12 раундқа созылды. Ресейлік спортшылар Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты енгізілген санкциялар салдарынан рингке басқа мемлекеттердің жалауларымен шықты.
Айта кетейік, Бетербиев үшін бұл жеңіс кәсіби мансабындағы 21-жеңіс болды. Биволмен кездесуіне дейін барлық жекпе-жектері нокаутпен аяқталған.
Ал Бивол алғаш рет жеңіліске ұшырады, оның есебінде 23 жеңіс бар, оның 12-сі нокаутпен. Осылайша Бетербиев WBA, WBO, WBC, IBF, IBO, The Ring сияқты алты белбеудің иегері атанды.
Еске салайық, бұған дейін 4 қазанда Жәнібек Әлімханұлы жеңілмеген жаңазеландиялық қарсыласын көкала қойдай етіп сабап, ауыр нокаутқа жіберді. Лас-Вегаста екі чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек алдында салмақ өлшеу сәтінде есінен танып, ауруханаға түскен Әлімханұлы Андрей Михайловичке (21-1, 13 КО) қарсы екінші жекпе-жегінде жарқын жеңіске жетті. Аустралияның Сидней қаласында өткен жекпе-жекте отандасымыз әр раунд сайын қарсыласына ауыр соққыларын дарытып, ақыры 9 раундта қарсыласын сұлатып салды. Сөйтіп Әлімханұлы IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін сақтап қалды.
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
 

