Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлы: Мені қазақтың керемет азаматы деудің орнына, бәрі сұрақ астына алады

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, қазіргі Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сұхбат берді. Қысым көрсетті деп айыптаған қыз бен шенеуніктің арасындағы жанжал қалай аяқталды? Мұхамедиұлының Тұңғышбай Жаманқұловпен қатынасы қалай? Шенеуніктің қазіргі жалақысы қанша? Осы және өзге мәселелер айтылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Ащы да болса, ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет және спорт министрлігін 5 жыл басқарды. Бұл аралықта жақсы да, жаман да әңгімелер айтылды. Экс-министр "маған қысым жасады" деген бойжеткенмен соттасты. Одан кейін Тұңғышбай Жаманқұловпен дауласты. 

"Мен президент оркестрін басқарып тұрғанда маған "Еңбек сіңірген қайраткер" атағын ұсынды. Сол кезде мен  бас тартып, орныма Александр Абылаев деген дирижерға атақ беруді сұрадым. Өзім келесі жылы не басқа жолы алам ғой деп ойладым. Бірақ ол атақты мен 6 жылдан соң алдым. Жолым болмады. Алты жылдан соң бұйырды өзіме. Біреуге жол берсең де, осындай кемшіліктері болып тұрады. Мұны мысал ретінде ғана айтып отырмын. Кейін маған қысым жасады деген бір қыз шықты. Оның маған жала жабылғаны белгілі болды. Қыз кешірім сұрап, жала жапқанын айтты. Солай іс тоқтады. Оның обалына қалып қайтем? Кешірім сұрап, ел алдына шыққан соң солай жаба салдым. Ресейге 3 миллион долларды шетелге аудар деді. Бұл дау осыдан туды. Мен келіспедім. Ақшаны өз елімізде алып қалдым. Осыдан соң ушыққан мәселе, маған жала жапқысы келгендердің әрекеті. Қызға ақша беріп, сценарий жазып сөйлеткен. Сонда мені қазақтың керемет азаматы, ақшаны елімізге алып қалды деп мақтаудың орнына бәрі сұрақ астына алады. Тоқтату керек қой мұндайды", - деп ренжіді Мұхамедиұлы. 



Ал араздасып жүрген Тұңғышбай Жаманқұловқа 1,5 миллион теңге көмек ретінде берген екен. 

"Тұңғышбай Жаманқұлов 3 млн долларды Ресейге әкетпек болғанда мен тоқтаттым. Сол үшін ренжиді ғой. Ал 1,5 млн теңгені мен ол кісінің қамақтан шығу үшін бердім. Қарызға емес, көмек ретінде бердім. 900 мыңдай жалақы алатынмын. Сол кезде түскен 1,5 млн теңге сыйақыны аударып жібердім. Қазір 3 есе аз жалақы аламын. Бірақ кітап жазып жүрмін. Одан пайда түседі. Халықаралық қойылымдарға сценарий жазамын. Оның бәрінен табыс түсіп отыр", - деді бұрынғы министр. 

Мұхамедиұлы министрліктен кетуі туралы мемлекет басшысына өзі өтініш айтқан екен. 

"Мен бір орында отырып қалғанды дұрыс көрмеймін. Мәдениет министрлігін мен бес жыл басқардым. Бұл аз уақыт емес. Сондықтан кетейін деп өзім айттым. Адам бір орында отырса, өспей қалады. Бес жыл жетеді деп ойлаймын", - деді Арыстанбек мырза. 

Жақында желілер мен мессенджерлерде ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының дүние-мүлкі туралы видео ролик тарады. Авторы жоқ бейнематериалда экс-министрдің жылжымайтын мүлкінің құны миллиардтармен есептеледі делінген.

"Достар, мұнда бір видео белсенді түрде таратылуда, маған оны бүгін 10 мәрте жіберді. Аузына май, дегендей...

Шамасы, жала жабу мен арандатулар әлі көп болатын сияқты: кезекті ақпараттық шабуыл қарқын алуда. Әдеттегідей, анонимді, жалған... Әр кезде ұмытпайтындарыңызға рақмет.

Ал барлық достарымды Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бірге болғандарыңыз үшін рақмет айтам", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Талқылау