Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақ үй маңында атыс болып, екі адам жарақат алды

Ақ үйдегі атыс
Фото: Brendan SMIALOWSKI / AFP via Getty Images

АҚШ Құпия қызметі Ақ үй кешеніне жақын орналасқан 17-көше мен Пенсильвания даңғылы қиылысында болған атысқа қатысты ақпаратты тексеріп жатқанын мәлімдеді. CNN мәліметінше, Құпия қызметпен болған қақтығыс салдарынан екі адам жарақат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің айтуынша, Құпия қызметтің арнайы бөлімшесі қарумен оқ атқан адам туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына жедел жеткен.

Ақ үй алдындағы алаңда жұмыс істеп жүрген журналистер шұғыл түрде брифинг залына көшірілген. Қаруланған Құпия қызмет агенттері адамдарға жерге жатуды бұйырып, атыс болып жатқанын ескерткен. CNN мәліметінше, Дональд Трамп оқиға кезінде Ақ үй резиденциясында болған.

Каш Патель X әлеуметтік желісінде Құпия қызметтің әрекетіне қолдау көрсетіп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, қосымша ақпарат тергеу барысында жарияланады.

ABC News тілшісі Селина Ванг X желісінде Ақ үйдің Солтүстік көгалында түсірілген видеоны жариялады. Оның кадрында атыс дауыстары естілген сәт түсіп қалған.

"Мен iPhone арқылы видео түсіріп тұрған кезде атыс дыбыстары естілді. Ондаған оқ атылғандай болды. Бізге дереу баспасөз залына жүгіруді тапсырды", – деп жазды тілші.

Кейін АҚШ Құпия қызметі оқиға бойынша алдын ала мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, сенбі күні таңғы сағат 06:00 шамасында белгісіз адам 17-көше мен Пенсильвания даңғылы маңында сөмкесінен қару шығарып, оқ атқан. Қызметкерлер жауап ретінде оқ жаудырып, күдіктіні жаралаған. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, кейін көз жұмған.

Атыс кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан бір адам да оқ жарақатын алған. Құпия қызмет қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпеген. Ведомство мәліметінше, президент оқиға кезінде Ақ үйде болған және бұл жағдай қорғалатын тұлғалардың жұмысына әсер етпеген. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
 

Назархан Уән
Жексенбі, 24 Мамыр, 2026 10:54