Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мас қызметкерін ұстаған: Қарағанды облысында жұмыссыз қалған полицей Тоқаевқа үндеу жолдады
Қарағандылық полицей Жанабек Жұмабек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің қызметкерін ұстағаннан кейін жұмыстан заңсыз қуылғанын айтып үндеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Қарағанды облысының 29 жастағы полицейі Жанабек Жұмабектің бейнеүндеуі тарады. Ол үндеуін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған. Оның айтуынша, жол апаты орнынан қашып кеткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мас қызметкерін ұстағаннан кейін жұмыстан заңсыз шеттетілген.
Оқиғаға байланысты облыс полициясы бұл үндеуге түсініктеме берді. Полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізілген. Ол видеожетондағы қызметтік материал және әкімшілік өндіріс бойынша айғақ саналатын жазбаны таратып жібергені анықталды.
Бұған қоса, ер адам былапыт сөздер айтқан, яғни мемлекеттік қызметші этикасын бұзды.
Тергеу нәтижесі бойынша патрульдік полиция экипажы тәртіптік жаза тәртібінде қызметінен босатылды.
"Бұл қызметкерлерден бөлек, олардың тікелей басшылары да жұмыстан шығарылды", - деп мәлімдеді полициядағылар.
Полиция департамент жол апатының мән-жайын да бөлісті. Қаңтар айының соңында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полициясына 55 жастағы әйел жүгінген. Ол дәмханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болып жатқанын хабарлады. Көп ұзамай оқиға орнына жедел тергеу тобы жетті.
Анықталғандай, дәмханаға келгендердің бірі Hyundai Sonata көлігімен кетіп қалған. Алдын ала мәлімет бойынша ол мас болыпты. Дәмхана клиенті полицейлерге күмәнді болып көрінді, сол себепті олар оның артынан қуған. Осы кезде жүргізуші басқа көлікпен соқтығысты, бірақ оқиға орнында тоқтамай, кетіп қалған.
"Полицейлер 38 жастағы ер адам басқарған Hyundai Sonata көлігін тоқтатты. Жүргізуші куәландырудан бас тартты, бірақ биоматериал тапсыруға келісті. Ол сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы бойынша әкімшілік материал процессуалды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", - деді полиция.