Антикор президенттің "шенеуніктерді қорқытып қойғаны" жайлы сауалына жауап берді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Антикордың “шенеуніктерді қорқытатыны” жайлы сөзіне пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Данияр Бигайдаров адал шенеунік шешім қабылдауда жаупакершілік алудан қорықпауы керек дейді.
"Азаматтардың бостандығы мен құқықтары біз үшін ең жоғары құндылық. Заң негізінде әрекет ететін адал шенеунік шешім қабылдау кезінде жауапкершілік алудан қорықпау керек. Заңды шешімдер жедел қабылдануы керек. Мемлекеттік қызметкер келісуде және заңды шешім қабылдауда ешқандай қиындыққа тап болмауы қажет. Агенттіктің (Антикор – ред.) ашықтық, адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарына бағытталған жұмысы соңғы жылдары біраз өзгерді. 2022 жылдан бастап статистикалық көрсеткіштер үшін жарысты болдырмайды. Агенттіктің аймақтық бөлімшелерінің жұмысын бағалау түбегейлі қайта қаралды. Біз үшін негізгі басымдықтар – алғышарттарды алдын ала жою және сыбайлас жемқорлықты алдын алу. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру маңызды. Біз құқық қорғау органы ретінде қоғамға заң және тәртіп қағидатын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеуді өз үлгімізбен бекітуге міндеттіміз. Өткен жылы агенттік тарапынан арандату және басқа да заңбұзушылықтар орын алмады", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктер жауапкершілік алудан қорқатынын айтып, “Бәлкім, Антикор қорқытып қойды ма?” деген еді.