"Аңқау елге, арамза молда": Ақбота Керімбекова "Аппақ гүлдердің" әуеніне салып, адам емдеген емшіге шүйлікті
Танымал әнші Ақбота Керімбекова шымкенттік емші Ұлықбек Смановты сынап, жеке парақшасында жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/botakerim/
Емші айналасындағы адамдарға өнер иесінің “Аппақ гүлдер” әнін айттырып, теңселтіп билетіп тұр.
“Бәрін көрдім” деуге болмайды десек те, маңдайымызға жазылған өнер жолының дәм-тұзы бұйыртып, көп нәрсеге қанықтық, бірақ, дәл мынадайды көру үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Әннің көңілге демеу, жанға медеу болатыны рас, солай екен деп дәл осылай жасауға бола ма?! Аңқау елге арамза молда болғандардың ақыры жақсы болғанын көргенім жоқ. Адамдар бірнәрсеге тәуекел етіп немесе бірнәсеге кірісу үшін ақырын неге ойламайды екен осы?.. Әбден сарсаңға түсіп, қажығандарды, жанына тыныштық, дертіне дауа іздегендерді сендіру, көндіру оңай… мына үкілі кісінің алдында тұрғандар да бір ғажайыпқа сеніп келген шығар, оларды жазғыра алмаймын, қателік жасағанды табалау еш заманда да дұрыс болмаған. Ал, енді “аппақ гүлдетіп” тұрған кісіге Құдай сана берсін. Қасиетті кісілердің есімдерін қор қылды-ау… Сырдағы Серік Ыдырысов ағам айналасына “ақылыңды жойма, ақырыңды ойла”, деп отырушы еді… Ай, өмір-ай, көрсетпегенді көрсеттің-ау! Екінші трансында марқұм Нәби екеуміз орындаған “Ақ шағала” дейтін әннің музыкасына салып алып, ұрып тұрғаны-ай”, – деп ашуланды әнші.
Айта кетейік, "Аузына аттың ауыздығын салып, ұрып-соққан" деп шымкентте ер адам асырап алған алты балаға ит етін жегізіп, мал бақтырып келген. Халық оның өңірге танымал емші екенін жарыса жазып жатыр.
Бұған дейін, шымкентте ата-аналық міндетін орындамай, үш жыл ішінде алты баланы асырап алып, оларды азаптады деп айыпталған ер адам жақын күндері сот алдында жауап беретінін жазған едік.