Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Англия құрамасының көшбасшысы әлем чемпионаты алдында қауіпті инфекция жұқтырды

Деклан Райс
Фото: Gettyimages.ru

Англия құрамасының негізгі ойыншыларының бірі Деклан Райс әлем чемпионатының шешуші матчы қарсаңында ішек инфекциясын  жұқтырып, қатарынан екінші күн жаттығуға қатыса алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Деклан Райс ішек инфекциясын жұқтырып, қатарынан екінші күн жаттығуға қатыса алмады.

Дереккөздердің мәліметінше, Англия құрамасының медициналық штабы инфекцияның басқа ойыншыларға таралуына жол бермеу үшін жедел алдын алу шараларын қабылдаған.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында Райс Англия құрамасы сапында 4 матчқа қатысып, барлығын негізгі құрамда бастады. Гол соқпағанымен, бір нәтижелі пас беріп, тұрақты әрі жоғары деңгейдегі ойынымен көзге түсті.

Жартылай қорғаушы дәл пас беру көрсеткішімен, шабуылдарды ұйымдастырудағы белсенділігімен және негізгі статистикалық көрсеткіштер бойынша команданың үздіктерінің бірі ретінде танылды.

Айта кетейік, Англия құрамасы әлем чемпионатының ширек финалындағы келесі матчын 11 шілдеде Норвегияға қарсы өткізеді. Кездесу жеңімпазы турнирдің жартылай финалына жолдама алады.

Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалы аяқталып, ширек финалға шыққан сегіз құрама анықталды. Келесі кезеңде Франция – Марокко, Испания – Бельгия, Норвегия – Англия және Аргентина – Швейцария жұптары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Шілде, 2026 15:05