Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасы: Димаш Америкада қалмайды. Ол тек қазақ үшін еңбектенеді

Светлана Айтбаева отандық газеттердің біріне берген сұхбатында ұлдарының соңғы жаңалығын бөлісті. Ол Димаштың Америкада қалып қоймайтынын айтты. Яғни аталған мемлекетке тек білім алып, тәжірибе жинау үшін бармақ.

18013518_1811990419123587_7057862767595749376_n

Бұл туралы «Дат» газетінде жазылды.

– Айтпақшы, осы үш ай ішінде Димаш бұдан басқа тағы да екі бірдей халықаралық жүлдеге ие болды ғой…

–   Иә, мен үшін «Сингердің» бәйгесінен бұрын осы екі жүлденің құны қымбат сиақты. Екі миллиардқа жуық Қытай елінің «Азияның ең таңдаулы әншісі» және «Халықаралық дәрежедегі әнші» деген екі бірдей атақ берілуі – Димашқа емес, қазақтың эстрада өнеріне деген құрмет деп бағалаған жөн сияқты. Бұл анау-мынау емес, қиындығы мол байқау болды. Мұнда әншінің даусы ғана емес, білімі, сөйлей білу мәнері, сахнадағы мәдениеті – бәрі-бәрі қатты қадағаланды.

– Дегенмен, Димашқа «Сингер» байқауының бас бәйгесі берілмегені көңіліңізге кірбің салған жоқ па?

– О не дегеніңіз! Ешқандай реніш жоқ. Айттым ғой – Димаштың екінші орны бас бәйгеге бергісіз жеңіс. Ең бастысы – Димаш эстраданың әлемдік есігін ашты. Бұл – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін мүмкіндік. Екіншіден, байқау барысында Димаштың өзі де жеңімпаз атанудың маңызды емес екенін айтты. «Дайдидауды» халықаралық сахнаға шығарсам деген арманы орындалды, жеңістің көкесі – осы. Бүгінде «Дайдидау» Азия елдеріндегі топ әндердің қатарына кірді. Бұл – қазақ ән өнері үшін үлкен жеңіс деп ойлаймын. Қазіргі таңда мәселе Димаштың алған орнында емес, халықтың оған деген ыстық ықылас білдіруінде болып тұр. Тіптен тілеулес ағайынның барлығы «Сен онсыз да жеңімпазсың!» деп баға берсе, одан артық қандай жеңіс керек, көкем-ау?

– Иә, шоу-бизнесі әлемдік үрдістен әсте кем түспейтін Қытай елі «Халықаралық дәрежедегі әнші» деп таныған соң, Димашқа әлем сахынасы ашылды деген пікірлер жиі айтылуда…

– Солайы – солай шығар: кекілін жеңістің желі желбіреткен Димашын қазақ елі бұдан да жоғары биіктерден көрсе берсін деп тілеймін! Сондай жоғары нәтижеге дейін көтерілуін тілеп келеміз.

– Димаштың бұдан былайғы өнер жолын қалай болжайсыз: Америкаға кете  ме, жоқ әлде Астанадағы оқуын жалғастыра ма?

– Димаштың алға қойған жоспары көп. Ең басты жоспар – осы бетінен таймай, ары қарай еңбектенуі керек. Әншілік өнер күнделікті дайындықты қажет етеді. Дауыстың өзі жаттығумен шыңдалатын құдірет.

Екіншіден, қазіргі білім алып жатқан Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы Димаш бірінші курс оқып жүргенде: «Мына баланың қабілетін, мүмкіндігін барынша ашуымыз керек, оған біздегі қазақстандық мамандар аздық етеді. Димашты шетелдерде оқытып алуымыз керек…», – деген еді.

Ал Димаш қазір эстрада бөлімінде оқиды. Эстрадалық жанр біздің елімізде әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Оқу орындарында ол салада арнайы бөлімдер болғанымен, жоғары білікті, мықты мамандар тым аз. Жасыратыны жоқ, эстрадалық әншілер дайындайтын мамандар Америкада, Еуропада. Сол жақтарда білім алу қажет. Айқын апайымыз ақылын берген ол кезде біз Димаш тым жас көрдік, бұғанасы қатпаған, жиырма жастағы баланы алысқа жібергім келмеді.

Негізі әлі де  болса, баламның барлық болмысы, ой-санасы әбден қалыптасқанын кейін ғана шетелге баруы керек деп ойлаймын. Себебі жастар өте еліктегіш келеді, басқа бөтен ағымдардың ырқына түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан бойына ұлттық құндылықты әбден сіңіріп, ойы жетілгеннен кейін ғана барса, шетелден жан-жақты маман болып қайтады.

  – Айтпақшы, Димаш Америкаға кетсе, сол елде қалып қояды деушілер де бар ғой…

– Ол қате түсінік. Ол барса, білім жинауға, арнайы концерттерге, үлкен жобаларға қатысу үшін ғана барады. Тек қазақ үшін еңбек  етеді. Ең басты мақсаты – осы. Қазір ол үшінші курс студенті. Қалған бір жылын асықпай, осында бітіріп шығады. Оқу орнында осы күнге дейін өте жақсы жағынан көрініп келеді. Былтыр университеттің «Үздік студенті» деген атаққа ие болды. Бірінші курста оқып жүргенде, университет оны Мемлекеттік «Дарын» сыйлығына ұсынды. Димаштың бұған дейін жеткен жетістіктері, барлық марапаттары  – алдымен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті ретінде берілген дегеніміз жөн.


Жіберіп алмаңыз:

Гүлзира Айдарбекова: Сіздерге абыроймен қартаюды тілеймін (видео)

Гүлзира Айдарбекова жолдасымен бірге дуэт орындады

Астанада Димаш Құдайбергенді қошеметтеуге арналған салтанатты кеш өтеді

“Қыз Жібек” ариясын орындаған Салтанат Бақаева тыңдармандарын таңдай қақтырды (видео)

Талқылау