Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 25 жасқа толмағандардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылды

Құмар ойын нарығы жылжымайтын мүлік құнынан екі есе жоғарылады. Елімізде 350 мыңнан астам қазақстандық азамат құмар ойындарға тәуелді. Бүгін мәжілістегі "AMANAT" фракциясының кеңейтілген жиынында лудоманияға қарсы тұру әдістері мен букмекерлік кеңселердің қызметін реттеу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: www.newmax.ru

Аталған жиынды ашқан мәжіліс спикері, "AMANAT" төрағасы Ерлан Қошанов құмар ойынға тәуелділік адам тағдырын құртатынқауіпті құбылысқа айналыс бара жатқанын жеткізді. Сондықтан да партия ойын бизнесі, лотерея және букмекерлік кеңселер қызметі мәселелері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болды.

"Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Лудомания – ХХІ ғасырдың дерті. Миллиондаған адам құмар ойындардан зардап шегеді. Бүгінде бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып жатыр. Барлық ойын онлайн, жұртшылыққа оңай қолжетімді. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл тақырыпты Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көтеріп, құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Енді депутаттар мұны заң жүзінде бекітуі керек", – деді Қошанов. 

Ал туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев түсіндіру жұмысының нәтижесінде 2021 жылдан бері 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензиясын қайтарғанын, ал ойын бизнесі субъектілерінің саны 2 есеге, 
яғни 71-ден 28-ге дейін қысқарғанын мәлімдеді.

"Биыл интернет-казинолардың қызметі мен жарнамасын шектеу мақсатында "Кибернадзор" ақпараттық жүйесі арқылы 7 мыңға жуық интернет-ресурс пен заңсыз материалдардың сілтемесі бұғатталды. Бүгінде ел аумағында ойын бизнесімен айналысуға рұқсат ететін 28 лицензия берілген. Оның ішінде, 5 казино, 8 ойын автоматтары залы, 13 букмекерлік кеңсе және 2 тотализатор бар", – деді министр.

Мәжіліс отырысында, мемлекеттік органдардың ойынға тәуелділік пен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестегі жұмыстарын сынға алды. Мысалы, құмар ойынның салдарынан ерлі-зайыптының 10-ының 7-еуі ажырасып жатыр. Өткен жылы Қазақстанда 3676 адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның әрбір бесіншісінің себебі – құмар ойынға тәуелділік. 

"Үкімет ойын бизнесін ұйымдастырушылар мен олардың лоббистеріне қатысты қандай да бір нақты шешім қабылдап жатқанын көрмей отырмыз. Букмекерлік кеңселер интернеттегі және БАҚ-тағы жарнамаға миллиардтаған теңге қаражат құяды. Әлеуметтік желі букмекерлік кеңселердің жарнамасына толы. Одан қалса, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары бұл саланы дамытуға дайын. Сондықтан "AMANAT" партиясы бастамашылық еткен заң жобасын барынша тезірек қабылдауымыз керек", – деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Келесі кезекте "АМАНАТ" фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттарға жаңа заң жобасының маңызды ережелерін таныстырды. 2 кодекс пен 7 заңға 50-ден астам өзгертулер дайындалды.

Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салуды енгізу ұсынылып отыр. 

  • Заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады;
  • Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі;
  • Сонымен қатар лотоматикалық машиналарды елге әкелуге және тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелерінде орнатуға тыйым салу ұсынылады;
  • Құмар ойын ойнауға болатын жас шегі 25 жасқа дейін артады;
  • Ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз ақпараттық-қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық кешенімен біріктіруі керек. 

Осылайша, мемлекет барлық қаржылық операцияны бақылап отырады.

Мәжіліс отырысын қорытындылаған Ерлан Қошанов заң жобасын көпшілікпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңінен талқылау қажет екенін ескере отырып, оны тезірек қабылдаудың маңызын атап өтті.  Негізгі мақсат – азаматтарды ойынға тәуелділіктен және отбасыларды оның теріс салдарынан қорғау.

Ал "AMANAT" фракциясының депутаттары ұсынылған заң жобасын бірауыздан қолдады.

Талқылау