Alternativa Film Awards киносыйлығының жеңімпаздары белгілі болды
2 желтоқсанда Alternativa Film Awards жаңа халықаралық кино сыйлығы Алматыда өткен алғашқы марапаттау рәсімінде 2023 жылғы жеңімпаздарын жариялады.
Alternativa Film Awards сыйлығы оң әлеуметтік өзгерістердің таратушысы бола алатын фильмдерді қолдайды. Сондай-ақ туындылардың көркемдік қасиеттері мен әлеуметтік әсерін бағалай отырып, марапаттар табысталады.
Марапатқа қатысатын шығармалар маңызды әлеуметтік және мәдени мәселелерді қозғады. Сонымен қатар адамдар мен жергілікті қауымдастықтардың өміріне әсер етеді деуге болады.
Әділқазылар алқасы өзекті тақырыпты қалың көрерменге шынайы жеткізгені үшін қырғызстандық режиссер Мирлан Әбдіхалықовтың "Қыз алып қашу" фильмі Spotlight номинациясын алды.
Сонымен қатар Spotlight номинациясы бойынша өзбекстандық режиссер Шокир Холковтың "Жексенбі" фильмі де марапатталды. Ұрпақ құндылықтары тоғысқан отбасылық драмада тез өзгеретін қоғамдағы адамдардың қарым-қатынастарын жетік бейнеленген.
Future Voice номинациясы бойынша жүлде қазақстандық режиссер Асхат Күшірековтың "Бауырына салу" фильміне берілді. Ол "ескірген дәстүрдің заманауи драмаға қалай айналғанын суреттейтін өткір режиссерлік көзқарас пен тамаша актерлік шеберлігі үшін" марапатына ие болды.
Alter номинациясы бойынша жүлде қазақстандық режиссер Катерина Суворованың екі азаматтық белсендінің өмір жолын баяндайтын "Qoryqpa" фильміне бұйырды. Қазылар алқасы фильм туралы "бұл жұмыс көптеген кедергілерге тап болған трансформация мен оң өзгерістерге деген терең қоғамдық сұраныс, сонымен бірге өз елінің болашағын ойлайтын жаңа ұрпақ қалыптастырған Қазақстандағы соңғы бес жылдың ішіндегі болған оқиғаларды көрсетеді" деп атап өтті.
Nativa номинациясындағы сыйлыққа непалдық режиссерлер Раджан Катхет пен Сунир Пандейдің "Қысқы демалыс болмайды" фильмі ие болды. Ол жырақтағы ауылда бір-біріне қамқорлық танытуға мәжбүр болған екі әйел туралы баяндайды.
Соңғы Short Awards марапаты қырғыз режиссері Дастан Мадалбековтің "Әкесінің ұлы" қысқа метражды фильміне берілді. Жоғалып кеткен әкесін іздейтін бала туралы фильм, қазылар алқасының пікірінше, "балалардың өз отбасыларында жиі байқаусыз қалатын жасырын қорқыныштар мен мұң туралы ашық әрі әсерлі оқиға".
Сонымен қатар киносыйлық тобы кеңестік Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылықтың қызып тұрған шағында орын алған "тарихтың маңызды және қорқынышты тұстарын егжей-тегжейлі бұқаралық аудиторияға жеткізу мақсатында жанрлық киноға бет бұрған батылдығы үшін" қазақ режиссері Айсұлтан Сейітовтің "Қаш" фильміне арнайы Resonance жүлдесін берді.
Сонымен қатар бұл номинацияда қазақстандық режиссер Асқар Ұзабаевтың "әлемнің кез келген бұрышында түсінетін қорқынышты және өзекті мәселені ымырасыз бейнелегені үшін” отбасылық зорлық-зомбылық туралы "Бақыт" драмасы ерекше аталды.
"Қазылар алқасында жеңімпаздарды таңдаған кезде келіспеушіліктер болған жоқ. Біз әлемнің әртүрлі бөліктерінде және әртүрлі сағаттық белдеуінде болсақ та, көрсетілімдер мен талқылаулар кезінде бір толқында болдық. Марапаттың тек көркемдік жағынан ғана емес, сонымен қатар фильмнің әлеуметтік әсерін де бағалау идеясы қазылар алқасының мүшелеріне және жеке өзіме жақын болды. Біз осы тепе-теңдікті сақтауға тырыстық. Біз көрген картиналардың көбі салт-дәстүр мен мәдениетке арналғаны да маған қызық болды – бұл тақырыптың өзекті екеніне сөзсіз дәлел. Жалпы, жүлдеге ұсынылған фильмдердің барлығы да керемет туындылар, оларды қалың көрермен көреді деп сенемін", –дейді Alternativa Film Awards қазылар алқасының президенті Брильянте Мендоса.
Жүлде жеңімпаздарын Азия мен Еуропаның кинематографистерінен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұратын тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы анықтады. Биылғы қазылар алқасын филиппиндік кинорежиссер, Канн фестивалінің жеңімпазы Брильянте Мендоса басқарды. Оған Гита Саэди Кили, Удайя Прасанна Витанаге, Ринту Томас, сондай-ақ Баян Алагөзова, Вячеслав Абрамов, Руслан Акун, Умида Ахмедова және Анна Чубинидзе қосылды. Alternativa Film Awards ұйымдастыру комитеті марапат иелерін таңдауға қатысқан жоқ.
"Біз бірінші жылдың нәтижелерін мақтан тұтамыз. Жоба басынан-ақ көпшіліктің назарын аударып, Орталық Азия киноиндустриясының жарқын әрі маңызды оқиғасына айналды. Біздің марапатымыз бен білім беру бағдарламаларымыз жергілікті режиссерлерге жаңа мүмкіндіктер, байланыстар мен тәжірибе береді және оларға әлемді жақсы жаққа өзгертетін мәні терең фильмдер түсіруге шабыттандырады деп үміттенеміз", – дейді Alternativa Film Project жобасының жетекшісі Лиза Сурганова.
Alternativa Film Awards – inDrive жаһандық технологиялық компаниясы Орталық Азияда 2023 жылы іске қосқан халықаралық коммерциялық емес Alternativa Film Project жобасының бөлігі. Жоба дамып келе жатқан киноиндустрияның кинорежиссерлерін қолдау мақсатында құрылған. Оның миссиясы — әлем туралы түсінігімізді кеңейтіп, жақсы жаққа өзгертуге көмектесетін авторларды халықаралық алаңда көрнекті ету, оларды кәсіби өсу үшін ресурстармен қамтамасыз ету және жергілікті киноиндустрия мен қауымдастықтың дамуына мықты серпін беру. Alternativa Film Project – елден елге ауысып отыратын, бірте-бірте географиясын кеңейтетін көшпелі жоба.