Алматыда тұрғындарға үй маңындағы тұрақты тегін ету ұсынылды

Алматы әкімдігі ақылы автотұрақ жүйесін өзгертуге бағытталған жаңа ережелер жобасын қарастырып жатыр. Жоба қабылданса, тұрғындар өз үйінің маңындағы тұрақ орындарын тегін пайдалана алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа құжат жобасы 10 маусымда “Ашық НҚА” порталында жарияланды. Ол 25 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Жоба Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа тәртібін бекітуді көздейді. Бұл қолданыстағы жол қозғалысы ережелерімен толық реттелмеген мәселелерді қамтиды.
Ақпараттық жазбада құжат автотұрақ кеңістіктерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейтіні айтылған. Оның ішінде коммуналдық және жеке автотұрақтар, төлем жасау тәртібі, жеңілдік алатын санаттар, сондай-ақ тұрғындардың өз тұрғылықты жерінен 500 метрге дейінгі радиустағы тұрақтарды тегін пайдалану мәселесі қарастырылған.
Бұдан бөлек, жоба көлік құралдарын арнайы тұраққа жеткізу, яғни эвакуациялау, оларды уақытша сақтау және иесіне қайтару тәртібін де реттейді. Сондай-ақ арнайы тұрақтарға қойылатын талаптар енгізіледі.
Құжатта жеке мобильділік құралдарын, соның ішінде электр самокаттарды орналастыру және пайдалану тәртібіне де ерекше назар аударылған. Жоба самокаттардың қайда және қалай қойылатынын, сондай-ақ операторлармен өзара жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
Сонымен қатар жаңа ережелер қорғаныс құрылғылары мен реттеуші элементтерді, мысалы шлагбаумдарды орнату мәселесін де қамтиды. Қалада автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу және интеллектуалды көлік жүйесін дамыту да қарастырылған.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл өзгерістер жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және Алматының көлік инфрақұрылымын тиімді басқаруға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтар жойылатыны хабарланған еді. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, Құрылыс кодексі жобасы бойынша жұмыс тобы оның ұсынысын қолдаған.
Депутат Астана мен Алматыдағы ақылы тұрақтар қызмет емес, таза схема болғанын айтты.
“Құрылыс кодексі жобасы бойынша жұмыс тобы менің түзетуімді қолдады. Яғни, Жер кодексінің 109-бабына енгізілген өзгеріс арқылы Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтарды алып тастаймыз. Алматыда олигархтар фирма-прокладка құрып, халықтан тұрақ ақысы арқылы ақша жинағанын бәрі біледі. Қаланың бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылды, кінәлілер сотталды, бірақ жүйе тоқтаған жоқ,Алматыда да, Астанада да жалғаса берді. Халық төлеп жатқанда, біреулер сол ақшамен байып отырды”, - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз