Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда төрт айлық сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген ана басқа қалаға көшіп кеткен

курьер
Фото: Threads

Алматыда сәбиін көтеріп курьер болып жүрген ана жолдасымен бірге Шымкентке көшіп кеткен. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министрдің айтуынша, желіде сурет жарияланған бойда Алматы қалалық әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері отбасыға барып, жағдайымен танысып, жұмыс ұсынған. Алайда отбасы бұл ұсыныстан бас тартқан. 

“Кейін отбасы өз еркімен Алматыдан көшіп, қазір  Шымкентте тұрып жатыр. Олар Алматыдан өз еркімен кетті. Ешқандай қысым болған жоқ. Бұл шешімді ата-аналарымен ақылдасып өздері қабылдаған”, – деді ол.

Ербол Тұяқбаев министрлікке отбасының Алматыдан не себепті көшкені белгісіз екенін айтты.

“Нақты не себеп болғанын білмейміз. Бұл отбасының өзара қабылдаған шешімі. Мүмкін ата-анасы қайта шақырған шығар. Кеше ғана Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау басқармасынан бұл ақпаратты нақтыладық. Олар отбасының сонда екенін растады. Ешқандай қысым көрсетілмеген”, – деді вице-министр.

Осылайша Еңбек министрлігі отбасының Алматыдан көшу туралы шешімді өз еркімен қабылдағанын, ал оларға қысым жасалды деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. 

Еске салсақ, Алматыда сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген жас ананың жағдайы қоғамда қызу талқыланған еді.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 12:15