Алматыда студент қызды тізерлетіп қойып ұрған әйел іздестіріліп жатыр

Алматыда автобус ішінде болған жанжал қоғамның қызу талқысына түсті. 17 жастағы студент қыз өзге баланы қорғауға араласқаннан кейін агрессивті әйелдің шабуылына ұшырап, ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда автобус ішінде 17 жастағы студент қызды соққыға жыққан әйелді полиция іздеп жатыр. Зардап шеккен бойжеткеннің айтуынша, ол өз анасы ұрысып жатқан қызды қорғамақ болған. Алайда жолаушы әйел кенеттен оған шабуыл жасап, жұдырық ала жүгірген. Оқиға салдарынан студент қыз ауруханаға түскен. Ал күдікті әйел әлі күнге дейін табылған жоқ.
Камила Жұрабаева төрт күннен бері ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның айтуынша, сол күні колледжден қайтып келе жатқанда автобуста жанжалдың куәсі болған. Әйел өз қызына аялдамадан өтіп кеткені үшін қатты ұрысып жатқан. Қызды басқа жолаушылар жақтап араша түскен. Алайда анасы ашуға мініп, күш қолданған.
"Ол менің жейдемнен ұстап алып, басыма бірнеше рет соққы жасады. Кейін шашымнан тартып, мені тізерлетіп құлатты. Дәрігерлер тексеруден кейін ми шайқалғанын және басымда гематома бар екенін анықтады", – деді Камила.
Камиланың сөзінше, әйел оны негізінен бас тұсынан ұрған. Егер оқиғаға куә болған адамдар араласпағанда, жағдайдың қалай аяқталары белгісіз еді.
Жәбірленушінің айтуынша, сөз таласынан кейін ол автобустан түсіп кеткен. Бірақ әйел оның соңынан еріп шығып, аялдамада да соққы жасауды жалғастырған. Абырой болғанда, маңайдағы адамдар қызды арашалап қалған.
Кейін оқиға орнына Камиланың анасы Ирина Ключникова да келген. Алайда сол кезде агрессивті әйел оқиға орнынан кетіп қалған еді. Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілді.
"Әлгі әйел бұрылып, қызымның видеоға түсіріп тұрғанын көрген бойда оған тап берді. Сұмдық. Шашынан сүйреп, ұрып-соғып, кейін тізерлетіп қойды. "Тізерле!" деп бұйырған. Мен ана ретінде оның көзіне қарағым келеді. Қалайша балаға осылай қорлық көрсетуге болады? Қызымды не үшін сонша ұрды? Ол қандай адам өзі?" – деп көзіне жас алды.
Зардап шеккен студенттің туыстары полицияға арыз түсірген. Алматы қалалық полиция департаменті бейнежазбаларды зерттеп, күдіктінің жеке басын анықтауға тырысып жатыр.
"Аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп, құқықтық баға беріледі", – делінген полиция жауабында.
Алдын ала мәлімет бойынша, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін күдіктіге 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін. Зардап шеккен қыздың жақындары әйелді таныған азаматтарды дереу полицияға хабарласуға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Теміртауда автобус жүргізушісі салонда тамақ жеп отырған жолаушымен жанжалдасып, оған дөрекі сөйлегені туралы видео әлеуметтік желіде тараған еді. Полиция жүргізушінің қоғамдық орында бейәдеп сөздер қолданғанын анықтап, оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырған.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз