Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 10-қабаттан құлаған қыз ғайыптан аман қалды

10-қабат қыз суицид
Фото: Видеодан скрин

Алматыда 20 жастағы қыз 10-қабаттағы балконнан құлап, аман қалды. Ауруханаға көптеген жарақатпен жеткізілген науқас бүгін есін жиды. Дәрігерлер оны отаға дайындап жатыр. Куәгерлердің айтуынша, оқиғаға дейін бойжеткен жігітімен жанжалдасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқыс оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Онда қыздың алдымен кіреберістің қалқасына, кейін жерге құлағанын көруге болады.

Қызды райынан қайтаруға тырысқан әйелдің айтуынша, түнде әйел адамның айғайлаған дауысын естіп, сыртқа шыққан. Сол кезде бейтаныс бойжеткен 10-қабаттың балконында тұрған, ал жанындағы жігіт көмек сұрап жүгіріп жүрген.

"Ол балконның қоршауына шығып кетті. "Маған жақындамаңдар, қазір секіремін" деді. Біз оны әңгімеге тартып, тыныштандыруға тырыстық. Бірақ ол қайта-қайта: "Шаяхмет, мен сені жақсы көремін. Шаяхмет, сен маған опасыздық жасадың" деп айта берді", – дейді куәгер.

Куәгерлердің сөзінше, қыз бен жігіт болып жүріп жүрген жұптың арасында қатты жанжал болған. Артынша қыз балконнан құлап кеткен. Соған қарамастан, ол аман қалды. Дәрігерлер оның көптеген жарақат алғанын айтты. Бүгін бойжеткен есін жиған.

Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Марат Әлиевтің айтуынша, науқастың жағдайы жақсарып келеді. 

"Науқас өздігінен тыныс ала алады, тыныс алу аппаратынан ажыратылды. Қазір есін біледі. Жағдайы тұрақталып, бейінді бөлімшеге ауыстырылды", – деді ол.

Зардап шеккен қыздың 25 жастағы жігіті банк саласында жұмыс істейді. Ол телефон арқылы берген пікірінде бұған дейін араларында мұндай жанжал болмағанын, осымен бойжеткен екінші рет суицидке әрекеттенгенін жеткізді. Оның сөзінше, алғаш рет те қызды өлімнен өзі аман алып қалған.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға дейін қыз бен осы тұрғын үй кешенінде тұратын жігітінің арасында жанжал болған.

"Қазір іс бойынша күдікті жоқ. Егер қандай да бір адамның қатысы анықталса, міндетті түрде тиісті шаралар қабылданады. Жігіт күдікті ретінде танылған жоқ", – деді ол.

Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен қыздың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір мамандар оның сауығып кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 08:13