Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықтың көбеюіне қолдау көрсету мүлдем дұрыс емес": Алматының жаңа бас жоспары қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды

Алматы билігі мегаполистің экологиялық мәселесімен күресуге ниетті емес. Қалалық қоғам белсенділері қаланы дамытудың жаңа бас жоспарын егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматының жаңа бас жоспарын өткен жылдың мамыр айында үкімет бекіткен болатын. Алайда бірнеше айдан бері қоғам белсенділері, соның ішінде сәулетшілер, заңгерлер, экологтар наразылықтарын білдіріп жатыр. Себебі, қала билігі бейберекет дамумен күреспейді дейді.

“Бұл бөлімге енгізілген негізгі ұстаным – тұрғын үй құрылысын барынша арттыру. Ал тұрғын үй құрылысын арттыру арқылы халықтың келуі мен көбеюіне қолдау көрсету мүлдем дұрыс емес”, – деді Алматы сәулетшілер одағының басқарма мүшесі Павел Савранчук.



Қоғам белсенділерін баспанадан бөлек экология мәселесі де толғандырады. Электрлік қоғамдық көліктер мәселесі тиісті деңгейде шешілмей, жаппай ағаш ауруының алдын алу мүмкін емес дейді олар. 

“Электр тасымалынан да мәселе туындайды. Билік тарапынан қаншама жақсы сөздер айтылып жатыр, бірақ оны жүзеге асыруға арналған нақты шаралар бас жоспарда мүлде жоқ. Айтылып жатқаны бос сөздер. Бас жоспарда экология бөлімі мүлдем жоқ”, –деді эколог Абай Еркенов.

Айта кетейік, бұған дейін Алматының Бостандық ауданындағы электр қосалқы станциясында ірі апат болып, қаланың бір бөлігі жарықсыз қалғаны туралы жазған едік. 

Билік қоғам белсенділерінің тұжырымымен келіспейді. Шенеуніктер бас жоспарда қоршаған ортаға қатысты бөлім бар дейді. 2040 жылға қарай жасыл желектер көлемі 3 есеге артады деп уәде беріп отыр. Сондай-ақ олар даму жағдайына қатысты жауап берді.

“2040 жылға қарай, есеп бойынша, қалада 3 миллион адам болуы керек. Сосын халықтың санына қарай тұрғын үй мен қаланың тіршілігіне қажетті басқа да нысандардың саны есептелді. Онда баспанаға басымдық берілмейді. Тек қала халқы баспанамен қамтамасыз етіледі”, – деді "Алматыбасжоспар” ҒЗИ” ЖШС ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Жанат Айтілеу. 

Қоғам белсенділері Алматыға қарсы магнитке айналатын спутниктік қалалар құруды ұсынды. Олар өз бастамаларын билікке жеткізуді көздеп отыр.

Талқылау