Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы университеттердің бірінде студенттердің ата-аналары жатақханадан орын жетпегені үшін шу шығарды (видео)

Желіде жатақханадан орын алуға келген ата-аналардың бейнежазбасы таралды. Абитуриенттердің ата-аналары жатақханадан орын жетпегеніне ашуланып, жанжал шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқу жылы басталмай тұрып университеттерде жатақхана мәселесі ушығуда. Соның бірі желіде таралған бейнежазбада көрсетілген. Ата-аналар балаларына жатақханадан орын берілмегеніне наразы. Бейнежазба авторының жазуынша, жағдай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетте болған.

Оқу орнының әкімшілігі жағдайды растап, оқиға 28 тамызда Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ахуалдық орталығында орын алғанын мәлімдеді.

“Қазіргі уақытта университеттің бес жатақханасындағы орындар 1-курстан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге үлестірілді. Жатақханадан орын алмаған 150-ге жуық студенттер мен ата-аналар орталыққа келіп, жатақханадан орын беруді талап еткен. Бүгінгі таңда жағдай тұрақталды. Студенттердің басым бөлігі хостелдерге қоныстанды. Дегенмен хостелдегі ұсынылған орындардан бас тартып жатқандар бар”, – деп мәлімдеді ҚазҰПУ.

Айтуларынша, оқиғаға осал топтағы, яғни көп балалы отбасыдан шыққан, ерекше қажеттілігі барлар, жетімдер қатыспаған. 

Университет басшылығы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін бірнеше хостел мен жатақханалардан орындарды жалға алғанын мәлімдеді.  Резервтегі студенттер босаған орындарға орналастырылады.

Талқылау