Алматыдағы сейсмология орталығы 40 жылдай жөнделмеген: Әкімдік ғимараттың фотоларын көрсетті
Алматыда сейсмология орталығын дамытуға 2 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігі
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапарымен ТЖМ сейсмологиялық бақылау және ұлттық ғылыми зерттеу орталығының ғимаратына барды. Ол мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып, түйткілді мәселелерді тыңдады.
1986 жылы салынған орталық ғимараты ешқашан жөнделмеген, жабдықтары ескірген. Сондай-ақ орталықта маман тапшы.
Фото: Алматы әкімдігі
"Ғимаратты қала бюджеті есебінен жөндеу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерге шамамен 2 миллиард теңге бөлінеді. Бұл еңбекақы қорын ұлғайтуға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, жаңа кадрлар тартуға мүмкіндік береді. Орталық қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін өте маңызды. Сондықтан ол әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс", – деді Ерболат Досаев.
Орталық сейсмикалық қауіпті бақылау және бағалаумен айналысады. Сейсмологиялық бақылаулардың республикалық желісі бүкіл ел бойынша 70 станциядан тұрады. Мұнда жер қыртысының қозғалысы 160 түрлі өлшем бойынша бақыланады.