Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жігітті соққыға жыққан қыздар одан кешірім сұрады

Алматылық қыздардың жігітті ұрып-соққаны түсірілген видео TikTok желісінде тарады. Артынша екі қыз бен жігіт жәбірленуші достарынан кешірім сұраған видеосын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі журналист Козачковтың телеграм каналына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

"Марат, сенен және сенің отбасыңнан шынайы кешірім сұраймыз. Біздің адам түршігерлік қылығымызды кешіріңіздерші. Енді бұндай қайталанбайды", – делінген түлектердің видеоүндеуінде. 

Қыздар жігітті ұрып-соғып, видеоны TikTok желісінде жариялаған (қазір аккаунт жабық).

Видеодан қастарында тағы бір жігіт тұрғанын байқауға болады. Ол да жәбірленушіні келемеждеп, мазақ етуге көмектескен сияқты.

"Бұл жерден қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінде көзделген адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған күш қолдануды көремін. Қарапайым тілмен айтқанда – бұзақылық" деп жазды журналист бұған дейінгі жазбасында.

Айтуынша, замандастарын қорлаған үш мектеп бітірушіге қатысты 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін. Айыппұл төлеу немесе қоғамдық жұмысқа тарту жазасы да тағайындалуы мүмкін. Екі жақ тарап татуласып, келісімге келуі де ықтимал.

Алматы полиция департаменті видеодағы кәмелетке толмағандарды анықтап, ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілгенін хабарлады. Тергеу шаралары басталды.

 

Талқылау