Алматыда жер сілкінісінен қорыққан әйел үшінші қабаттан секіріп кеткен
Алматыда жер сілкінісі кезінде үшінші қабаттан секірген тұрғын жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Алматыда өткен түні болған жер сілкінісінен жалпы 67 адам зардап шекті. Жарақат алғандардың арасында 12 бала бар. Бес тұрғын әлі ауруханада жатыр.
Шырт ұйқыда жатқан тұрғындар жер сілкінісін сезген кезде жапа-тармағай сыртқа ұмтылған. Қысылысып-сығылысып үстіңгі қабаттан төмен қарай түсіп жатқан сәтте кейбірі құлап мертіккен. Зардап шеккендердің басым бөлігі ауруханаға бас жарақаты мен сіңірлерінің созылуымен түскен. Оның 55-і ересек адамдар болса, қалғаны балалар. Көбісі үйінен емделуге жіберілген. Ал жер сілкінісінен зәресі ұшып үшінші қабаттан секіріп кеткен 33 жастағы әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оған ота жасалды. Алған жарақаты ауыр дейді дәрігерлер.
“Жалпы қосарланған ауыр дене жарақаты, миы шайқалып, бастың жабық жарақаты, саны, жамбасы сынған. Келген кезде барлық дәрігерлермен қарап, шұғыл түрде көмек көрсетіліп, ота жасалды. Қазіргі жағдайы тұрақты. Шоктан шықты. Жансақтау бөлімінде тиісті ем алып жатыр. Басқа екі науқас травматология және ортопедия бөлімшесінде кешенді тексерістен кейін алғашқы көмек көрсетіліп, қазір емделіп жатыр”, – деді Алматы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының хирургия бойынша директордың орынбасары Ермек Желдібаев.