Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мүгедектігі бар азаматқа тұраққа төлемегені үшін заңсыз айыппұл салынған

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматыдағы өкіліне II топтағы мүгедектігі бар арызданушы хабарласты. Жәбірленушінің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматқа көлік тұрағын төлемегені үшін заңсыз айыппұл салынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kolesa.kz

Мәліметтерге сенсек, ақылы автотұрақ өтініш берушінің үйінің жанындағы, оның кіреберісіне іргелес аумақта орнатылған. 

"Өтініш беруші денсаулығында ерекше қажеттігі бар болғандықтан ол көлікті кіреберістің жанына қоюға мәжбүр. Бірақ видеобот оған тұрақ ақысын төлемегені үшін автоматты түрде айыппұл салған. Оған қатысты барлығы 8 әкімшілік хаттама толтырылды", – деп хабарлады уәкіл.

Омбудсмен өкілінің бастамасымен бұл мәселе әкімдік пен "Алматы паркинг" компаниясының қатысуымен өткен жиында талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша әкімшілік өкілдері мәселені 3-тоқсанның соңына дейін шешіп, ғимарат тұрғындары үшін көлік тұрағын тегін етуге уәде берді.

Сондай-ақ Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасына арызданушының құқық бұзушылықтарын одан әрі жою туралы хат жіберілді. Атқарушылық өндірістің күшін жою туралы Жеке сот орындаушысы республикалық палатасын да қаралды.

Қазір арызданушыға қатысты барлық ұйғарымның күші жойылып, бұрын атқарушылық іс-әрекеттер аясында өндіріп алынған ұсталған сома банк шотына қайтарылды.



Еске салайық, бұған дейін Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде жарты жылдан бері орынды белгісіз біреулер иемденіп, темір тұлпарларын қаз-қатар тізіп қойғанын жаздық. Тұрғындар әлдебіреулердің кеңсесін ашып, автосалонға айналдырғанын айтты. Әуел баста тұрғындар "Еламан" тұрғын үй кешенінің көлік тұрағында бағалы автомобильдердің көбейіп кеткенін аңғармаған. Көршілердің көліктері деп ойлаған азаматтар аса мән бере қоймапты. Сұрастыра келе бізге тиесілі тұрақты белгісіз біреулер иемденіп, автосалонға айналдырып жібергенін білдік дейді. 

Талқылау