Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда танымал мейрамхана желісінің иесі санитарлық дәрігердің қаулысын орындаудан бас тартты

Танымал мейрамхана желісінің негізін қалаушы, кәсіпкер Гүлбану Майғарина карантин шектеулерін орындамайтынын мәлімдеді. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында карантин талаптары күшейгенін естіген кәсіпкер бұл күннің Алматыға да келетінін, ондай жағдайда санитар дәрігердің қаулысын орындаудан бас тартатынын жазды. Ал бүгін Алматының бас санитар дәрігері Қарлығаш Әбдіжаббарова тиісті қаулыға қол қойған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Өзінің ресми мәлімдемесін кәсіпкер Instagram-дағы парақшасында жариялады.

Кәсіпкердің айтуынша, коронавируспен бірге өмір сүруді үйренетін уақыт жетті. 

"Үйде отыру немесе қоғамдық орынға бару – әрбір қала тұрғынының таңдауы әрі жауапкершілігі. 

Бюджеттің ақшасын бүкіл жерге таралған вируспен күреске емес, халықтың иммунитетін көтеруге жұмсау керек. Одан тіпті үйде қашып құтыла алмайсың. 

Оның арты неге апарады? Кәсіпкер күнін көріп, отбасын асырап, бизнесін сақтап қалуы керек. Оның міндеттерін ешкім алып тастамайды. Әрі кетсе төлем жасаудың уақытын кері шегереді. Ал ол тағы да жемқорлықты дамытуға мүмкіндік", – деді Майғарина. 

Айтуынша, бизнесін сақтап қалғысы келетін кәсіпкерлер карантин шектеулері енгізілгенде жасырын жұмыс істейді. Ол үшін, қажетті адамдардың қалтасын толтырады”, – деп ашық мәлімдеді Майғарина. 

Кәсіпкер санитарлық дәрігердің қаулысын орындамайтынын ресми түрде мәлімдеді. 



"Менің есіктерім ашық қалады. Барлық санитарлық талаптарды сақтаймын, бірақ жұмыс істеймін. 

Үкіметте отырған ақылдылар алдымен менің қарыздарымды жауып, мұндай шектеулерден қалай аман шығатынымды айтып, нақты алгоритмдер берсін, сонда мен де өз елімнің талапқа бағынатын азаматшасы боламын", - деді Майғарина. 

Кәсіпкер енгізілген шектеулердің халық үшін емес, статистика үшін жасалатынын кесіп айтты. 

"Барлығының шегі бар. Менің 1200 қызметкерім бар. Оған олардың отбасы мүшелерін қосыңыз. Және бұл тек қана Lanzhou. Бүкіл шағын және орта кәсіпті санасақ ше?" – деген Майғарина өзге кәсіпкерлерден өзін қолдауды сұрады. 

"Эмоция үшін кешірім сұраймын, бірақ әдемі сөйлеуге енді күшім жоқ. Осы екі жылда қолдау ретінде бір теңге де алған жоқпын. Бүгін де сұрамаймын. Тек жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер", – деп түйіндеді сөзін ол. 

Айта кетейік, бүгіннен бастап Алматыда карантиндік талаптар күшейтілді. Ол бойынша, қоғамдық тамақтану нысандарында бір үстелге келушілер саны 4 адамға дейін қысқартылды. Шектеулердің толық тізіммен мына сілтемеге өту арқылы таныса аласыз.
 

Талқылау