Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің көлік тұрағын әлдекімдер автосалонға айналдырып жіберген

Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде жарты жылдан бері орынды белгісіз біреулер иемденіп, темір тұлпарларын қаз-қатар тізіп қойған екен. Тұрғындар әлдебіреулердің кеңсесін ашып, автосалонға айналдырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Әуел баста тұрғындар "Еламан" тұрғын үй кешенінің көлік тұрағында бағалы автомобильдердің көбейіп кеткенін аңғармаған. Көршілердің көліктері деп ойлаған азаматтар аса мән бере қоймапты. Сұрастыра келе бізге тиесілі тұрақты белгісіз біреулер иемденіп, автосалонға айналдырып жібергенін білдік дейді. 

"Еламан" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Клара Төлегенова көлік тұрағында орын жоқ екенін айтады.

"Мен жұмыстан таңғы 04:00-де келемін, орын жоқ. Кеше санағанда 26-сы былай тізіліп тұрған. Осында 26-сы, ана жақта 17-сі тізіліп тұрды. Енді қазір келсек, екеуі ғана тұр, қалғандарын шашып, шашып қойып қойған", – деді Клара Төлегенова.

Тұрғын үй кешенінің тағы бір тұрғыны Серік Қайырбекұлы көше бойында көліктерін қалдыруға мәжбүр екенін айтты.

"Көлікті тұраққа қоятын жер болмағандықтан Әшімов пен Райымбек көшесінің бойына қалдыруға мәжбүрміз. Өйткені біздің территорияда орын жоқ", – деді Серік Қайырбекұлы.

Тұрақты иемденгендер тіпті тұрғын үйдің төменгі қабатынан кеңселерін ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр дейді жұрт. Әбден шыдамы таусылған жандар пәтер иелері кооперативі де ісіне салғырт қарайды дейді. Ал тұрғын үй кешеніне жауаптылар бұл мәселені шешуге тырысатынын айтты. 



"Qazaq home" ЖШС менеджері Ақжарқын Бөлегенқызы олар кәсіпорын иесі 1 сәуірге дейін көліктерін басқа жерге қоятынын айтып еске салды.

"Бірақ оны алып тастамады. Кеше тағы да сөйлестік, тұрғындардан тағы өтініш-арыз болды. Кәсіпорын басшысы 1-2 аптаның ішінде алып тастаймыз деп айтты. Бұл мәселені айдың соңына дейін шешіп беруге тырысамыз", – деді Ақжарқын Бөлегенқызы.

Ал көлік тұрағын осы уақытқа дейін пайдаланып келген компания басшысы бұған дейін рұқсат туралы сөз болмағанын айтады. Темір тұлпарларды жалға берумен айналысамыз деген азамат бүгінде автокөліктердің басым бөлігін алып тастадық дейді.  

Ал компания басшысы Рустам Насыров кооператив иелерінің мамандарынан көлікті тұраққа қоюға рұқсат алғанын атап өтті.

"Мен пәтер иелері кооперативінің мамандарынан "Тұрақ барлық тұрғындарға ортақ па?" деп сұраған едім. "Иә" деген жауап алдым. Көлікті қою, алып тастау үшін арнайы рұқсат болу керегі жөнінде ешкім ескертіп айтқан жоқ. Біз бұл жерге кіргенде тұрғын үйде ешкім болмаған. Қазір мұнда тек 7-8 көлік қана тұр. Оның өзін жақын уақытта алып кетеді", – деді компания басшысы Рустам Насыров.

Ал тұрақ іздеп бас қатырған тұрғындар мәселе түбегейлі шешілсе деп тілейді.

Талқылау