Алматыда Қонаев тұрған ғимараттағы Назарбаевтар әулетіне қатысы бар деген пәтер сатылымға шықты
Қазақстандық заңгер Расул Рысмамбетов Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев тұрған әйгілі үйде орналасқан пәтердің сатылымға шыққанын хабарлады. Ол Facebook парақшасында сатылымға шыққан пәтерде 90-жылдары Нұрсұлтан Назарбаев тұрғанын жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: krisha.kz
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Krisha.kz сайтында Төлебаев, 119 (бұл 1969 жылы салынған кірпіш үй) мекенжайында орналасқан екі деңгейлі 15 бөлмелі пәтерді сату туралы хабарландыру жарияланған. Пәтер ауданы – 566 шаршы метр. Жағдайы – "жөндеуді қажет етеді". Құны 509 миллиард 400 мың теңгеге бағаланған.
"Қала орталығында 566 квадрат метр "Алтын" шаршы пәтер сатылады. Тарихи жер. Жеке кіреберісі бар, екі қабатты және жертөлесі бар пәтер. Аулада жеке автотұрақ бар. Әр қабатында жуынатын бөлмесі бар. Жөндеу қажет. Жақын жерде опера театры, субұрқақ, саябақ, Столичный дүкені, әртүрлі профильдегі мектептер мен гимназиялар, банк филиалдары бар. Бағасын келісуге болады", – делінген хабарландыруда.
Бұл пәтерді сатушы – 2007 жылы Алматыда тіркелген "Алма-Инвест-Холдинг" ЖШС. Қызмет түрі – меншікті жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару. Салық шегерімдері – 2015 жылдан бастап 6 миллиард.
Ғимараттың Қазақстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен байланысы бар. Құжаттарға сәйкес, Назарбаева 2007-2008 жылдары ЖШС құрылтайшысы болған. Одан кейін 2016 жылға дейін компания голландиялық Andrade Holding B.V-ға тиесілі (Дариға Нұрсұлтанқызына да қатысы бар шығар).
Айта кетейік, бұған дейін белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының көлігін жекешелендіріп алып, оны Қонаев қорына қайтарып бермей отырғаны туралы жазған едік. Кейіннен қор президенті өздері таратқан ақпаратты жоққа шығарып, БАҚ-ты жалған мәлімет таратты деп айыптаған.