Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда әкімнің тапсырмасымен салынған амбулатория әлі күнге дейін бос тұр

Алматыда әкім Ерболат Досаевтың тікелей тапсырмасымен салынған амбулатория халыққа пайдасы жоқ бос ғимаратқа айналды. Жергілікті билік "Медициналық орталық ашылды" деген ақпарат таратып алып, дайын тұрған нысанды қолдануға бермей отыр екен. Елді үміттендіріп, бірақ іс жүзінде жоспары орындалмаған әкімдікке енді тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Өйткені олардың айтуынша, жауаптылар амбулаторияны іске қосуды осымен екінші рет кешіктірген. Негізі мекеме 20 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсетуге дайын тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

емхана

Видеодан скриншот

Халықтың сұрауымен салынған жаңа амбулатория былтырғы қарашадан қалмай есігін айқара ашып, желтоқсаннан кешікпей қызмет көрсетуді бастау керек болған. Медциналық орталыққа бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өзі келіп, нысанның дайындығымен танысқан. Сол кезде мемлекеттік органдардың ресми сайтында амбулаторияның ашылғаны хабарланды.

Алғашқы пациенттерді қабылдау желтоқсанда басталатыны да жазылды. Бірақ жоспардың бәрі сөз жүзінде қалды. Ал 20 мыңға жуық тұрғын дәрігерлік көмекті бүгінде әр жерде орналасқан емханалардан іздеуге мәжбүр.

“Халықты анда жіберіп, мында жіберіп сенделтеді. Бала-шағаны көтеріп, мүгедектерді арбаға салып тасып жатады. Бұл не сұмдық?! Қарашада кіргіземіз деп әкім Досаевтың өзі айтып кеткен. Ал енді ешқандай нәтиже жоқ. Не үшін елді алдайды? Құжаты дайын болмаса, ешқандай дайындық жоқ болса неге ондай уәде береді?” – деді қала тұрғыны Ләззат Кенжебаева. 

“Біздің ары-бері қатынауымыз, әсіресе осы қыстыгүні қиын. Біздің өзімізге, Қарасу ықшам ауданының тұрғындарына арнап салынған емхана болғаннан кейін, өзіміздің жағдайымызды жасап, сол поликлиникамызды ашып бергендерін қалаймыз”, – дейді тұрғын Гүлзат Қыдырма.

Амбулаторияда қызмет етуі керек болған дәрігерлер де нысанның ашылғанын күтіп жүр. Себебі олар қазір отырған ғимарат қабырғасы көгеріп, әбден тозып біткен. Есепте тұрған науқастардың дәрісін сақтауға да жағдай жоқ мұнда. Жаңа медициналық орталық осы мәселені шешу үшін де салынған еді. Әкімдік өкілінің сөзіне сенсек, мәселенің бәрі құжатқа тіреліп тұр. Олқылыққа құрылыс жүргізген мердігерлер кінәлі дейді.

“Істелген жұмысты картографияға салу керек. Соны дұрыс істемеген. Ал сәулет басқармасы сызбаның бәрін дұрыстап жасау үшін ескерту берді. Ол жағын мердігерлер реттеді. Енді құжатты бүгін қайта өткіземіз. 15 жұмыс күнінде жауабын береді”, – дейді Алматы қалалық құрылыс басқармасының бас маманы Руслан Кемелбай. 

Шенділердің сөзіне сенсек, салынған ғимаратты заңдастыру ісі әлі бітпеген. Қағаз жағы реттелгеннен кейін амбулатория жұмысына лицензия алу ісі кезекте тұр. Дәрігерлердің сөзінше, оған кемінде 1 ай қажет. Сонымен халық күткен амбулаторияның нақты қашан жұмыс істейтіні белгісіз. 

Талқылау