Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура Алматы ҰҚК департаментінің бұрынғы басшысының үстінен тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді

Бас прокуратура ҰҚК-нің тағы екі қызметкеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері Н.Мәжілов пен Р.Ысқақовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаймыз", - делінген бас прокуратура мәлімдемесінде. 

Сонымен қатар ведомство "тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтерді жария етуге болмайтынын" мәлімдеді. 

Айта кетейік, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Нұрлан Мәжілов Алматы қаласы ҰҚК департаментінің бастығы болып жұмыс істеді. Қалада тәртіпсіздіктер болған кезде ол ҰҚК басшысы болған. 2022 жылдың 13 қаңтарында оның орнына Марат Ирменов келді.

Ал Руслан Ысқақов ҰҚК бесінші департаментін басқарды.

Бұған дейін Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров ҰҚК-ның Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары бойынша департаменттерінің лауазымды тұлғаларын әрекетсіздікке жол берді деп айыптаған болатын.

Еске сала кетейік, Кәрім Мәсімов жаппай тәртіпсіздіктерден кейін 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметінен босатылды. 8 қаңтарда оның ұсталғаны белгілі болды. Сондай-ақ оның екі орынбасары – Әнуар Садықұлов ("А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы) мен Дәулет Ерғожиннің ұсталғаны туралы хабарланды.

Бұған дейін қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша тергеліп жатқаны хабарланған болатын. Күдіктілерге мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттерден басқа, "билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып отыр.

Орынбасарлардың бірі – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қызметінен босатылды.

Талқылау