Алматы облысында мүгедектігі бар адамға шабуыл жасаған ауыл әкімі жауапқа тартылды
Алматы облысы Панфилов ауылдық округінің әкімі халыққа есеп беру кездесуінде белсендіге шабуыл жасаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полицияға ауыл белсендісі Болат Жәкішев жүгінген. 64 жастағы ер адамның айтуынша, әкім оны балағаттап, шабуыл жасаған. Бұл оқиға ауыл басшысының жергілікті халықпен жыл сайынғы есеп беру кездесуінде болды.
Ауызша кикілжің екі ер адамның төбелесіне ұласқан. Салдарынан екінші топтағы мүгедектігі бар жергілікті белсенді зардап шегіп, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Осыдан соң Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шаловқа "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 30 630 теңге айыппұл салынды. Ақпаратты Алматы облысының полиция департаменті мен Талғар ауданының әкімдігі ресми түрде растады.
Ауылдық округ әкімі де осы жағдайға қатысты ойын айтты.
"Айыппұл тек маған ғана емес, белсендіге де салынды. Мен қазір қандай да бір себептермен оқиғаның жай-жапсарын айта алмаймын", – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов.