Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқаевтан көмек сұраймыз": Алматы облысында имам жыныстық қатынасқа мәжбүрлей берген соң әйел өзіне қол салды деген ақпарат тарады

Алматы облысында жаға ұстатарлық оқиға болды. Мешіт имамы күйеуі, бала-шағасы бар келіншекті төсекке сүйреп, өлімге душар етті, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Alt

Бұл жаға ұстатарлық жағдай 2019 жылдың 26 сәуірінде Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Қайнарлы ауылында болған. Ауыл мешітінің имамы күйеуі мен 3 баласы бар әйелді төсекке сүйреп, зорлық-зомбылық көрсеткен. Ақырында, ары тапталған келіншек мұндай қорлыққа шыдамай өз-өзіне қол салған.

Бас имамның хайуандық әрекетінен өлімге душар болған Нұрғиза Азатханқызының артында күйеуі мен 3 баласы жетім қалды. Енді имамнан қорлық көрген әйелдің күйеуі Есхат Әйнекбекұлы жағдайды баяндап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа, ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетке видео жолдады.

Онда ол әйелінің 1 ай бұрын ауыл молдасы Қадір Әмбиеұлының хайуандық іс-әрекетіне шыдамай, өзіне салғанын мәлімдеді. 

«Имамның жолдасымды біраз уақыт бойы жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені анықталды. Осы деректі өз қадағалауларыңызға алуды сұраймын. Заңсыз іс-әрекетімен 3 баламды жетім қалдырған Қадір Әмбиеұлына тиісті заңды шара қолдануларыңызды сұраймын»,- дейді имамнан қорлық көрген әйелдің күйеуі Есхат Әйнекбекұлы.

Бас имамның айуандығының құрбаны болған келіншектің 3 баласы да кәмелетке толмаған. Бүгінде билік өкілдерінен көмек сұраған Есхат Әйнекбекұлы имамның азғындығын дәлелдейтін аудио-видеожазбалар да бар дейді. Оны марқұм әйелі қалдырып кетіпті. Имамның әрекетін әшкерелеген әке енді өзінің заңды құқықтарының қорғалуына көмек көрсетуді сұрауда.

Жаға ұстатарлық видеода имам төсекте өзіне пышақ тақап, отбасылы әйелге видеожолдау жасаған.

«Сені қатты жақсы көргенім осы күйге әкелді. Қандай қиын күйде жатқанымды өзің де білесің. Жағдайымды көрші өзің», - дейді мешіттің бас имамы өз мойнына пышақ тақап.

Марқұм қалдырған аудио-видео жазбаларда имамның айқайлап, әйелді ұрып-соғып жатқан үзінділер де бар. Масқарасы, имам онда өзінің ең үлкен қателігі – Есхат Әйнекбекұлының әйелін сүйіп қалғанын және оның жүрегіне кіріп кеткенін айтады. Бұдан бөлек, ол басқа нәрсенің бәрін көтеруге дайын екенін, бірақ оның (Есхат Әйнекбекұлының әйелі) өзінен бас тартқанын көтере алмайтынын жеткізеді. Сондай-ақ, имам әйел өзінен бас тартса, өлім мен өмір арасында нәрсе болатынын бірнеше рет ескертіп келгенін айтып қалды.

Ал молданың азғындық әрекетінің құрбаны болған келіншек өз кезегінде, күйеуін алдап жүре алмайтынын айтып жылайды.

«Менің де әбден төзімім таусылды деп сізге айттым ғой. Мен енді Есхатты алдап жүрмеймін десем, сіз көнбейсіз. Ер азаматсыз ғой енді осыған өзіңіз шыдамайсыз ба, тоқтатпайсыз ба! Жеңбейсіз бе осының бәрін», - деп жыларман болып жалынады әйел. 

Бірақ, әйел қанша жалынып сұрағанымен, имам өзінің дегенін орындатуға қояр емес. Ол оны өлтірейін деп тұрмағанын, өзін де түсінуін айтады. Өзінің де отбасының ойран болғанын, келісім беруін, келісім бермесе бұл нәрсеге төзе алмайтынын жеткізіп, қоқан-лоқы көрсетеді.

"Қазір болмаса да сонан кейін өлемін. Мен осыған бекіндім. Адам болмаймын. Сенің жақсылығыңның кесірі мені осы жерге апарды. Өлемін. Ешкімге жар болмай-ақ қояйыншы. Е, Алла, бір өзің Есхатқа жар бола гөр! Мен өлемін. Сенің осы хайуандығыңның кесірінен өлемін", - дейді әйел соңғы хатында жылап.

Талқылау