Есірткі беріп, зорлап келген: Алматы облысында бірнеше ер адамнан жәбір көрген қыз мән-жайды бөлісті
Алматы облысында бір топ ер адам 11-сынып оқушысын ұрып-соғып, есірткіге отырғызып, зорлады деген күдікке ілінді. Қыз осы уақыттан бері бопсалағанға көніп, үндемей келген. Бірақ қаскөйлер жазасын алуы үшін шындығын жайып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
17 жастағы қыз күдіктілердің бірімен 2022 жылы танысып, дос болған. Барлығы Жетісу ауылынан болғасын араласыпты. Алайда достықтың соңы ішімдікке, есірткіге ұласып, зорлық-зомбылық әкеп соққан.
“Бір ауылда тұрғандықтан, бәріміз араластық. Оның араласатын ортасы көп еді, арасында мектеп қызметкері бар. Олар қыздардың сеніміне кіріп алады да, соңында алдап түсіреді, ұрып-соғып, күш қолданады. Мені “жақындарыңды өлтіреміз” деп қорқытып келгесін үндемедім”, – деді жәбірленуші.
Мектепте үздік болған қыз бірден тұйықталып, ештеңеге көңіл бөлмейтін боп кеткен. Анасының айтуынша, тіпті өзіне қол салмақ болған.
“Бір күні қызым жоғалып кетті. 2 күннен соң көк ала қойдай соққыға жығылған күйінде табылды, есінен танған. 5 сағат реанимацияда жатты. Бір кезде ауруханаға бейтаныс адамдар келіп, ақша ұсынды. Бұлар қызымның өмірін құртты. Мен – жалғызбасты анамын, соны біліп қызымды қорқытқан”, – деді қыздың анасы.
Айтуынша, айыпталушылардың жақындары әлі оларға тыныштық берер емес. Ақша ұсынып, істі жабуды қалап отыр. Тіпті қыздың өзін жаман атты ету үшін түрлі қауесет шығарып, желіде жағымсыз пікір жазып жатыр дейді. Қазір қыз жеке емханада реабилитациядан өтіп жатыр. Қаскөйлер тиісті жазасын алған соң, өмірін жаңадан бастап шетелге көшуге ниетті.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында бір топ ер адам 17 жастағы қызды үш жыл бойы ұрып-соғып, есірткіге отырғызып, зорлады деген күдікке ілінгенін хабарладық. Оқиғаға қоғам белсендісі Ақмарал Басирова араласып, жәбірленушіні қолдауға тырысып жүр.