Алматы облысында белгісіз азамат жұмыс орнында медбикені пышақтап кетті
Алматы облысының Қарасай ауданында медбикені белгісіз азамат жұмыс орнында пышақтап кеткен. 45 жастағы қызметкер оқиға орнында алған жарақатынан қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 7 тамыз күні сағат 17:00 шамасында Қарасай ауданының ауруханасында орын алған. Медбике кеуде қуысының жарақатымен ауруханаға түскен. Кейін ол алған жарақаты салдарынан қайтыс болған.
“Аталған дерек ҚР ҚК-нің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша аудандық полицияда тіркелді. Арнайы іс-шара барысында тәртіп сақшылары 42 жастағы Кошмамбет ауылының тұрғыны болып табылатын күдіктінің жеке басын анықтап, оны бір сағат ішінде “ізін суытпай” ұстады. Қазіргі уақытта аталған деректі тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сот- медициналық сараптама тағайындаумен тергеу іс-шаралары жүргізілуде”,- делінген полиция хабарламасында.
Қылмыс марқұм әйелдің жұмыс орнында жасалғанын атап өткен жөн. Ұсталған адамның айтуынша, оқиға әйелдің кәсіби қызметіне байланысты емес, жеке қарым-қатынас салдарынан орын алған.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.