Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы қаласының дін өкілдері су тасқынынан зардап шеккен СҚО тұрғындарына көмек көрсетті

Алматыда діни бірлестіктердің басшылары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін күш біріктірді. Мұсылмандар, христиандар, буддистер, мормондар, кришналар сияқты әртүрлі діни бірлестіктердің бас қосып, көмектескені тарихтағы үлгілі оқиғалардың біріне айналмақ. Олар табиғи апаттан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан тұрғындары үшін 8 миллион теңгеден астам қаражат жинады. 

Діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы бейресми алаң құрып, сол арқылы қолдауды іске асырды. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымовтың айтуынша сол арқылы бірлескен ұйымдар біраз қаражат жинаған.

"Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Алматылық діни бірлестіктер  клубының алаңында бірігіп, зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсету туралы бастама көтерді. Қатысушылардың басым бөлігі бізді қолдады және нәтижесінде қысқа мерзімде 8 720 000 теңге жиналды. Бұл – тарихтағы ең үлгілі оқиға. Себебі әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері – мұсылмандар, буддистер, мормондар, кришналар, протестанттық конфессиялардың өкілдері ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті", – деді ол.

Деректерге сай жиналған қаражатқа зардап шеккен азаматтар үшін 68 бірлік тұрмыстық техника сатып алынған. Ұйымдастырушылар зардап шеккендерге ең қажет заттарды ескеруге тырысқан.

“Алматы қаласының діни бірлестіктерінің көшбасшыларына алғыс білдіремін. Бізді осындай қиын жағдайда су тасқыны кезінде елеусіз қалдырмады. Біздің үйлер суға кетті, жөндеуге де жарамайды. Ал көмектесе алған баршаға шын жүрегімнен көп рахмет”,  “Мен Петропавл қаласының тұрғынымын. Діни бірлестіктердің жетекшілеріне алғыс айтқым келеді, маған тоңазытқыш әкеліп берді. Үйім суға кеткенде барлық техникам жарамсыз болған еді. Қажет затымды әкеліп берді. Барша атсалысқан жандарға рахмет”, – деп алғыстарын жаудырды тұрғындар. 

Айта кету керек, су тасқыны кезінде көптеген діни бірлестіктер қайырымдылық көмекті өздері жеке жүзеге асырды. Ал бұл акцияда барлығы бірлесіп ерекше бастама жасады.

Сондай-ақ акцияны іске асыруға "Social Development Center" қоғамдық қоры, "Демеу" балалық шақ мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы" ЖКМ және Солтүстік Қазақстан облысының Дін істері басқармасы белсенді қатысты.

Солтүстік Қазақстан облысының мешіт жамағаты, имамдары, Петропавл қаласының рухани көшбасшылары да Алматылық діни бірлестіктерге алғыстарын айтты. 

“Біз көмек қолын созған бауырларымызға, Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасына алғыс айтамыз. Ешкім елеусіз қалмады. Бәрі барынша қол ұшын созып жатыр. Тіпті қаржылық көмек көрсетуге жағдайы болмағандардың өзі бізбен бірге тілеуімізді тілеуде”, – деді бірлестік өкілдері. 

Жалпы аталған қайырымдылық шарасына 15 діни және қоғамдық мекеме қатысты. Олар: 

  • Алматы қаласының Орталық мешіті (ҚМДБ);
  • Иса Мәсіхтің соңғы күнгі әулиелер шіркеуі;
  • Алматы қаласындағы "Өмір көзі" христиан евангелиялық елуінші күндік шіркеуі;
  • "Жаңа өмір" Евангелиялық сенім христиандарының шіркеуі;
  • Алматы қаласындағы христиан Жаңа апостолдық шіркеуі;
  • Інжіл Христиандары Баптистерінің "Кальварий" шіркеуінің орталығы;
  • Әулие елшілер Петр мен Павелдің Евангелиялық-лютерандық шіркеуі;
  • "Агапе" Евангелиялық христиан шіркеуі;
  • Алматы қаласының Кришна санасы қоғамы;
  • "Алмагүл" пресвитериан шіркеуі;
  • "Вон буддистер" Алматылық шіркеуі;
  • "Сун Бок Ата" Алматы Евангелиялық христиан шіркеуі;
  • "Құдай Сөзі" толық Інжіл христиан шіркеуі;
  • Алматы қаласының жетінші күніндегі адвентист христиандардың жергілікті шіркеуі;
  • "Social Development Center" қоғамдық қоры.
Талқылау