Алматыдағы барлық көше саудасы заңсыз жүзеге асырылады – Депутат
Бүгінгі мәжіліс отырысында "Respublica" партиясы атынан Айтуар Қошмамбетов елдегі стационарлық емес сауданы реттеуге байланысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
"Партиямызға шағын бизнес субъектілері дүңгіршек, сауда павильоны, автодүкен нүктелерін сатып алуға жәрдемдесуді сұрап жиі жүгінеді. Осы мәселені зерттей келе жағымсыз қорытындыға келдік. Сауда және интеграция министрлігі, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені өз бетінше қалдырған. Қазір бұл бағыт дұрыс реттелмеген және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аймағында тұр", -деді Айтуар Қошмамбетов.
Депутат қолданыстағы заңнамаға сәйкес, стационарлық емес сауда объектісі қазір уақытша құрылыс немесе конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы екенін айтты.
Ол сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне:
- кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдай жасау;
- стационарлық емес объектілерді орналастыру орындарын айқындау және бекіту;
- стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын және (немесе) бағыттарын бөлуге конкурстар өткізу керектгіні айтты.
"Жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындардан тыс жерлерде бөлшек сауданы жүзеге асыруға заңмен тыйым салынған. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметтеріне сәйкес сауда үшін орындар еліміздің үштен бір өңірлерінде ғана анықталған және бекітілген. Мәселен, еліміздің ең ірі мегаполисі - Алматы қаласындағы барлық көше саудасы заңнан тыс жүзеге асырылады",-дейді депутат.
Қазақстанда кейінгі 5 жылда стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру үшін орын бөлуге 39 конкурс өткізілді.
"Әкімдіктердің мәліметінше, елімізде барлығы 2 741 стационарлық емес сауда нысаны бар. Тек бір ғана Астана қаласының көшелерімен жүріп, біз 1,5 мыңнан астам дүңгіршекті анықтадық. Алматы қаласында, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында конкурстар мүлдем өткізілмеген. Конкурссыз дүңгіршектерге жер учаскелері қалай берілді - бұл үлкен сұрақ",-деді Айтуар Қошмамбетов.
Айтуынша, салалық министрлікте жұмыспен қамтылған және стационарлық емес сауда объектілерінен төленген салықтардың саны туралы нақты мәліметтер жоқ. Бөлшек сауда елдің көлеңкелі экономикасының көшбасшысы болып қала береді. Әкімдіктердің және Министрліктің назарынан тыс қалған жекелеген шенеуніктердің жақтастарымен көше саудасы жасырын сыбайлас жемқорлық жолдарымен реттелуде.
"Автобус аялдамаларында, саябақтарда, скверлерде, қарбалас көшелер бойында қаптаған жаңа дүңгіршектер пайда болды. Заңсыз нүктелер өрт сөндіру және санитарлық инспекциялар мен полицияның бақылауынан қалай құтылатыны таңқаларлық. Сөйте тұра, заңды түрде сауда үшін жер алу мүмкін емес",-деген депутат бірқатар ұсыныстар жасады.
Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігіне:
1.Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен отандық тауар өндірушілерге басым құқықты қамтамасыз ететін стационарлық емес сауда объектілері үшін орындар бөлу қағидаларын әзірлеу;
2.E-Qazyna мемлекеттік порталында дүңгіршектерге, автодүкендерге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы/фермерлік жәрмеңкелерге орын бөлу мәселелері бойынша ашық конкурстар өткізу мүмкіндігін пысықтау.
Жергілікті атқарушы органдарға:
1.Ішкі істер органдарымен бірлесіп-барлық өңірлерде көше саудасы бөлігінде тәртіп орнату;
2.Стационарлық емес сауда объектілерді орналастыру орындары мен маршруттарын анықтау және бекіту;
3.Стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындары мен маршруттарын бөлуге конкурстар өткізу.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне:
1.Стационарлық емес объектілерді заңсыз орналастыру мәселесі бойынша уәкілетті органдардың қызметіне тексеру жүргізу;
2.Лауазымды тұлғаларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту.
Бұған дейін "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов сот процесіндегі аударма қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдағанын хабарлаған едік.