Алматы әуежайының қызметкерін құтқарған Мұса Әбдірайым өзін сынап жатқандарға жауап берді
Алматы әуежайының қызметкерін қарулы ер адамнан құтқарып қалған Мұса Әбдірайым қазақстандықтардың айыптауына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/abdraimov_musa/
Бұған дейін Алматы әуежайында болған оқиғаны көпшілік “қойылым”, “Тасмағамбетовтің мәлімдемесіне орай ұйымдастырылған спектакль” деп атады. Ал қызметкерді құтқарып қалған азамат Мұса Әбдірайым қоғамның сыны мен қолдауын бірдей қабылдайтынын айтты.
"Бұл оқиға туралы әркім әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі шексіз алғысын жеткізсе, енді бірі сынап, жағымсыз сөздер айтып отыр. Алла бәрін көріп тұр. Көптің аузына қақпақ бола алмайсың. Кім не айтқысы келсе, соны айтсын", – деді Мұса Әбдірайым.
Мұса Әбдірайым әуежайдағы жағдайды спектакль немесе фильм желісі деп сынағандарға жауап берді.
"Кейбірі мұны фильм деп айтып жатыр. Бұл қандай фильм? Мұндай нәрсені түсіру мүмкін емес. Тіпті елестету мүмкін емес нәрсе", – деді ол.
Ол шындықтың өз жағында екенін, біреуді сендіруге тырыспайтынын жеткізді.
Сондай-ақ ол Тоқаев табыстаған марапат туралы сөз қозғады. Ол өзін батыр деп санамайтынын, сол сәтте қызды құтқаруды ғана ойлағанын жеткізді.
"Қыздың тезірек босап шыққанын қаладым. Оны жібергенін көргенде, иығымнан жүк түскендей болды. Қатты қуандым. Ол кезде жарақат аламын-ау деп те ойламадым", – дейді ол.
Мұса сынды сабырмен қабылдап, адамдардың даттаушылар мен мақтаушылар болып екіге бөлінетінін айтты. Ол үшін ең маңыздысы – аман қалған әуежай қызметкерінің өмірі.
Айта кетейік, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады.
Кейіннен қызметкерге пышақпан шабуылдаған күдіктінің кім екені анықталған. Тоқаев Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған.