Алматы жалдамалы пәтерлер қаласына айналған: Экономист жер сілкінісі үй бағасына қалай әсер еткенін айтты
Желіде белсенді сарапшы қазір Алматыдағы пәтерлер бағасының күрт төмендегенін жеткізді. Айтуынша жер сілкінісінен соң пәтерді сатушылар мен жалға берушілер саны артқан. Ал сұраныс азайған. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі экономист Расул Рысмамбетовтен нарықтағы жағдайды сұрап білді. Маман алдағы уақытта Алматының құрылыс салушылар үшін тиімсіз қала болатынын алға тартты.
Фото Pixabay.com
Жылжымайтын мүлік бағытындағы сарапшының TikTok желісінде жасаған болжамы жұртты бір шулатты. Оның айтуынша алдағы уақытта Алматыда пәтерлер құны құлдырайды.
“Алматыдағы тұрғын үй мен жалдамалы пәтерлер бағасын сараптамағалы көп болыпты. Енді қазір қарап отырсам, үй иелерінің жалға беру туралы жарнамалары көбейген. Ал сұраныс бұрынғыдан да аз. Бұл немен байланысты? Меніңше жер сілкінісі жағдайынан адамдар басқа қалаларға көшіп, кейбірі жерүйлерге ауысты. Енді алда не болары түсініксіз. Егер сұраныс аз болып, тамыз, қыркүйек айларында келушілер көбеймесе, жалға беру нарығында үлкен дағдарыстар болатынын болжап отырмын”, – деді маман.
Сарапшы сонымен қатар Алматыдағы жалға беріліп жатқан көп пәтердің жағдайын сынға алды.
“Алматыда жалға беруші пәтер иелері әлі түсінбеген секілді. Олар өздерінің өте нашар жағдайдағы бір бөлмелі пәтерлерін 200 мың теңгеге қояды. Сіздерге ойланатын уақыт келді. Бағаны түсіруге мәжбүрсіздер”, – деп қосты ол.
@rent_masterkz Напишите ваше мнение. Ощущаете ли вы слабый спрос на аренду ? #рекомендации #реки #рекомендации❤️❤️ #астана #алматы #ипотека #ипотекаастана #ипотекаалматы #квартира #квартирыалматы #арендаквартиры #аренда #ханшатыр #байтерекастана #назарбаев #токаев #астанаказахстан #медеу #рек #павлодар #шымкент #актау #атырау #актобе #караганда #костанай #семей #устькаменогорск #экибастуз ♬ оригинальный звук - rentmaster
Бұл видеоның астындағы желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.
“Алматыда іші қоқысқа толы ескі үйлер 200 мың теңгеге жалға беріледі. Құдды адам емес, шошқа тұратындай”, “Риелтор болып жұмыс істеймін. Шынымен ресейліктер Астанаға көшкен. Ұсыныстар көп те, сұраныс жоқ. Алматыда баға тым қымбат”, “Қазір сұраныс онсыз да төмен кез. Ал тамыз-қыркүйек айларында студенттер келген соң, сұраныс қайта көбейіп, баға қайта өседі”, – деді пікір қалдырушылар.
Экономист Расул Рысмамбетов те қазір Алматыда пәтерді жалға берушілер саны көбейгенін жоққа шығармады. Алайда айтуынша бұл бағаға қандай да бір үлкен өзгеріс әкелу мүмкін емес.
“Менің ойымша алдағы екі жылда тағы бірнеше тұрғын үй жалға беріледі. Оның үстіне қазір көпшілік пәтер сатып алуға дайын емес. Адамдар қазір бағаның түскенін күтуі керек екенін жақсы түсініп отыр. Сондықтан пәтер иелері сата алмағандықтан, оны жалға бере бастайды. Жыл ішінде баға кішкене ғана төмендеуі мүмкін. Құрылыс салушылар бұған дейін “пәтерді өз бағасына сатамыз” деп келді. Егер құрылысшылар бағаны төмендетер болса, демек адамдар мұның жалған екенін, осыған дейін өз құнынан жоғары сатып келгенін түсінеді. Сол себепті олар пәтер бағасын түсіреді деп ойламаймын. Баға тұрақты түрде қалады”, – деді ол.
Маман сонымен қатар жер сілкінісі 7-9 балл болса ғана Алматыдағы жылмайтын мүлік бағасына әсер ететінін тілге тиек етті. Айтуынша әзірге ешқандай жер сілкінісінің қаупі жоқ әрі 3-4 балдық сілкініс қауіпті емес.
“Пәтер бағасы әзірге қымбаттайды. Кейін барып күзде ақырындап түсуі мүмкін. Жылжымайтын мүліктің бағасы тікелей валюталық нарықпен байланысты. Теңге құлдыраған сайын бізге құн арзандағандай көрінеді. Биыл сатып алу, сату нарығында кішікене өсуі мүмкін. Жыл соңында баға төмендеуі керек. Алматы құрылыс салушыларға пайда жағынан тиімсіз қалаға айналады. Себебі бұрынғы әкімдер кезінде бәріне үй салуға рұқсат берілді. Ал қазір Досаевтың тұсында тыйымдар көбейді. Енді бұрынғыдай кез келген жерге ғимарат салуға болмайды. Сондықтан Алматыда тұрғын үйлер бағасы айтарлықтай қымбат қалпында қалады”, – деп қосты ол.
Расул Рысмамбетов жалдамалы пәтерлердің санының көбеюі жақсы қызметтің қалыптасуына әсер ететінін қоса кетті.
“Қазір Алматыда жалға беріліп жатқан пәтерлердің көбінің жағдайы нашар. Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ескі техника мен жиһаздар, қолайлы жағдай қарастырылмаған. Пәтер иелері жарты-бір жылға іссапарға келген жандарға не қажет екенін, қандай жағдай көрсету керек екенін білмейді. Ал жалдамалы пәтерлер санының көбеюі меніңше олардың сапасының жақсаруын қалыптастырады”, – деп қорытты экономист.