Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Алмаған нәрсеге неге төлеуіміз керек": Абай облысында телефон алаяқтарынан зардап шеккендер биліктен көмек сұрады

Абай облысында телефон алаяқтарынан зардап шеккендер билік пен тәртіп сақшыларынан көмек сұрайды. Олардың айтуынша, тергеу кезінде де тұрғындар миллиондаған несиесін төлеуге мәжбүр болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Өңірдің түкпір-түкпірінен келген адамдардың бәрі бір схема бойынша жұмыс істейтін алаяқтарға алданып қалған. Оларға әлдекімдер телефон соғып, өздерін түрлі банк қызметкеріміз деп таныстырған. Осылайша алаяқтар азаматтардың барлық жинағын жоғалтып алмау үшін шұғыл шаралар қабылдауға кеңес беріп, несие алдыртуға тырысады.

"Уайымдамаңыз, біз сізге көмектесеміз. Бұл – қауіпсіздік қызметі", – деп алаяқтар өзін таныстырады.

Тұрғын Нәзира Берікболовадан алаяқтар 8 миллион теңге көлемінде жымқырған.

"Олар маған төрт банктен жалпы сомасы 8 миллион 883 мың несие ашты. Оның үстіне үш банк пен бір несие ұйымы бар. Енді осы жалған несиенің салдарынан мен толығымен қара тізімге іліктім. Сондықтан бұл несиелердің бізден алып тасталуын қалаймын. Неліктен біз алмаған нәрсеге төлеуіміз керек? Мұның бәрін алаяқтар жасап отыр. Бұл әділ емес", – деді Нәзира Берікболова.

Ал тағы бір зейнеткер Любовь Ботячкова өзінің төлем қабілеті төмен болса да, оның атына несие қалай мақұлданғанына таңғалып отыр. Енді алаяқтардың құрбаны миллиондаған несиесін қайтаруға мәжбүр. Зардап шеккендер қатарында ақкөңіл зейнеткерлер де бар. Олардың айтуынша, қоңырау шалушылардың сенімді болғаны сонша, адамдар алаяқтардың барлық бұйрығын гипнозға түскендей орындаған.

"5 миллион! Зейнетақым 82 мың болғанда, зейнетақымнан 5 миллиондай төлеуім керек. Бір банкке – 41, екінші банкке – 40. Оларды өз көзіммен көрмедім. Несиені қалай алды? Бәрімізге көмектесіңіздер! Ал тергеуші мен прокурордың орынбасары маған бірден "Сіз төлеуге міндеттісіз" деп шорт кесті. Егер несиені алмасам, неге оны төлеуім керек деп сұрақ қойдым. Міндетті емеспін?" – деді зардап шегуші Любовь Ботячкова.



Жәбірленушілер алаяқтар ұсталғанша төлемдерді кешіктіруді сұрады. Полицияның айтуынша, киберқылмыскерлерді анықтау оңай емес, өйткені олар көбіне шетелден әрекет етеді. Зардап шеккендерге несие төлеу екі айға тоқтатылды. Ал көбіне ақшаны алған дроппер жауапқа тартылады. 

Әсет Егеубаев, Абай облысындағы ІІБ криминалдық полиция бөлімінің тергеушісі Әсет Егеубаев  бір жылда 345 интернет-алаяқтық ісі тіркелгенін айтты.

"Биыл 345 интернет-алаяқтық іс тіркелді. Соның ішінде 62 қылмыстық іс сотқа жолданған. Абай аудандық полиция басқармасы күн сайын профилактикалық іс-шараларды жүргізеді. Азаматтық процесте жәбірленушілер сотқа талап арыз береді", – деді тергеуші Әсет Егеубаев.

Еске салайық, бұған дейін алаяқтар Telegram және басқа платформаларды пайдаланушылары 100 миллионға жетіп қалған “Hamster Kombat” ойнын пайдаланып, жаңа әдістерімен адамдардың деректерін бұзуға кіріскен. Мамандар крипто ойын пайдаланушыларына ескерту жасады.

Айым Атамбаева
Жұма, 19 Шілде, 2024 09:46
Талқылау