Алқабилер ақтап алған: СҚО-да тұрғындар 55 жастағы азаматты өлтірді деп айыпталған жасөспірімдердің бостандыққа шыққанына наразы
Солтүстік Қазақстан облысындағы Медвежка ауылында 55 жастағы азаматты өлтірді деп айыпталған жасөспірімдерді алқабилер ақтап шықты. Алайда марқұмның туыстары мен ауыл тұрғындары бұл шешімге наразылықтарын білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото сюжет кадрларынан
Жантүршігерлік оқиға жарты жыл бұрын болған. Тұрғындардың айтуынша, кәмелет жасына толмаған екі жігіт дүкенге қарақшылық шабуыл жасап, сауда нүктесінің иесі 55 жастағы Александр Мальдинді асқан жауыздықпен өлтірген.
Қазір марқұмның туыстары жасөспірімдердің ақталып шыққанына наразы.
“Күйеуім қан-жоса күйінде үйдің қасындағы осы жерден табылды. Бірнеше жерден жарақат алған. Ал оны аяусыз өлтіргендер бостандықта жүр. Сот процесіне көңіліміз толмайды. Әділдік қайда?”, – деді марқұмның әйелі Галина Мальдина.
Ауыл халқы да осыдан кейін бостандықта жүрген жігіттердің баспаналарға ұрлыққа түсуі мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан кінәлілер тиісті жазасын алсын деген талап қойып отыр.
“Балаларды қазір жіберді ғой. Енді бүкіл халық, осы ауылдың бәрі қорқып отыр. Арамызда жалғыз тұратын кәрі кісілер көп. Бізге келіп, басымыздан бір ұрса, не істейміз? Олар кінәлі болмаса, кінәліні іздеу керек қой ”, – деді тағы бір тұрғын Зәбира Зағыпарова.
Алқа билердің шешімімен екі бірдей баппен айып тағылған 16 және 17 жастағы жігіттер кінәсіз деп танылған. Себебі тергеу барысында олардың қылмысқа қатысы жоғы дәлелденіпті.
“Бұл фактілер тексеру нәтижесінде расталмады. Жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Ивановский мен Баширов кінәсіз деп танылды. Оларға Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлімі, 7 және 8-тармақтары, яғни қарақшылықпен байланысты кісі өлтіру және 192-бабы, 3-бөлімі, 4-тармағы тұрғын үйге қарақшылық жасау бойынша айып тағылған еді”, – деді СҚО Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Дастан Ысмайылов.
Енді марқұмның туыстары аппеляциялық шағым түсірмек.