Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығындары: Қор қызмектерлері бір ноутбукқа 400 мың жұмсамақ
Мемлекеттік сатып алулар сайтында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 802 ноутбук сатып алу туралы хабарландыру жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Осы уақытқа дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры 32 млн теңгеге 703 компьютерді жалға алынғаны туралы хабарлама жариялаған. Дегенмен, 3 облыс бойынша жалға алу келісімшарты орындалмапты. Сәйкесінше, кейбір компьютерлер жалға алынбаған.
Нәтижесінде осыдан 11 күн бұрын қор мемлекеттік сатып алулар порталына қайтадан 4 984 050 теңгеге 121 компьютер жалға алу бойынша өтініш жүктеді.
Артынша, 802 ноутбук сатып алуға ұсыныс тасталған. Жалпы есепте ноутбук сатып алу үшін 316 684 703.39 теңге қаржы жұмсалмақ.
Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, сатып алу жұмыстары жүзеге асырылса, жалға алу бойынша келісімшарт жойылатын болады. Ал техниканы сатып алу мүмкін болмаған жағдайда, жалға алу ары қарай жалғаспақ.
Қазір әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында штат бойынша жұмыс істейтіндердің саны – 890, іс жүзінде қорда және оның филиалдарында 853 қызметкер жұмыс жасайды.
Қор 2017 жылы құрылған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін қорда жалға беру шеңберінде қызметкерлердің нақты санынан аспайтын мөлшерде компьютерлік техника пайдаланылатынын айтты. Олардың сөзінше, 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі аралықта қор қызметкерлерінің жұмыс орындарын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін бірнеше рет сатып алу іс-шаралары өткізілген.
“Оның қорытындылары бойынша тауар түрлі себептермен сатып алынбады. 2019 жылы медициналық көмек көрсету сапасына мониторинг жүргізу үшін медициналық ұйымдарға баратын қызметкерлерге 70 бірлік ноутбук сатып алынды. Өткен жылдары қор компьютерлік техниканы меншігіне сатып алмауына байланысты, 2021 жылы дербес компьютерлерді жалға алу жалғасуда. Сондай-ақ 820 ноутбук сатып алуға шығыс баптары қарастырылған. 2021 жылдың маусым айының басындағы жағдай бойынша ноутбуктер сатып алуға 2 конкурс жарияланды, олардың біреуі әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты өтпеді”, – дейді қордың баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ноутбуктер сатып алуға конкурс қайта жарияланды, конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру қоры шығындарды қысқарту мәселесіне де түсініктеме берді. Олардың сөзінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша операциялық шығындар едәуір қысқарған.
“2020 жылы операциялық шығындар 1 млрд теңгеге және күрделі шығындарды 863 млн теңгеге оңтайландыру шаралары жүргізілді. Осылайша, жалға алу, байланыс қызметтері, PR, амортизация, іссапар шығыстары, полиграфия және т. б. шығындар қысқартылды. 2021 жылға арналған шығыстарды оңтайландыруға қатысты, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2019 жылғы 14 ақпандағы 14-бұйрығымен бекітілген мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту қағидаларына сәйкес, қордың өз қаражаты бюджетінің атқарылу қорытындылары бойынша оңтайландырылған шығыстар бойынша даму жоспарына нақтылау жүргізу жоспарлануда”, – деп мәлімдеді әлеуметтік сақтандыру қорының баспасөз қызметі.