Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлеуметтік араздықты қоздырды": Әнші Ұланғасыр Қамидың үстінен арыз түсті

"Әйелдерін хиджаб кимегені үшін өлтіріп жатыр" деген әнші Ұланғасыр Қамидың басы дауға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/ulangasyrqamiev/

КазТАГ ақпарат агенттігінің мәліметінше, Қостанай қаласының тұрғыны Саида Сисембаева әнші Ұланғасыр Қамидің пікірімен келіспейтінін айтып, өнер иесінің үстінен арыз жазды. 

"Мен Ұланғасыр Қамидың үстінен арыз жаздым. Дәстүрге берік депутаттар үнсіз қалғаны үшін орнына мен жаздым. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес, e-Otinish арқылы Ішкі істер министрлігіне жолдадым. Оның айтқан ойы әлеуметтік және гендерлік араздықты қоздырып, әйелдерге деген өшпенділік сезімін тудырды. Тіпті, әйелдеріне қол көтеретін еркектерді ақтау екенін көрсетті. Осыны тексеруді сұрап, өтініш жібердім. Өтініш тіркелді, қандай да бір іс қозғала ма әлде әдеттегідей ресми жауап келе ме, көрейік", – деп жазды қостанайлық тұрғын. 



Сонымен қатар қоғам белсендісі ҚазТАГ редакциясына өтініштің мәтінін де көрсеткен. 

“Қазақстандық әнші, азамат Ұланғасыр Қамидің тұрмыстағы зорлық-зомбылық көретін әйелдерге қатысты мәлімдемесін қарауыңызды сұраймын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы. Бейнежазбада Ұланғасыр Қами зайырлы қоғамымыздың Конституциясына қайшы келетін радикалды пікір білдірді. Оның айтуынша, күйеулері әйелдерін хиджаб кимегені үшін өлтіреді екен. Менің ойымша әнші осы сөзі арқылы тұрмыстағы зорлық-зомбылықты ақтап тұр. Яғни, Қамидің айтуынша, "тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны атанғандарына әйелдердің өздері кінәлі. Өйткені олар хиджаб кимеген”. Осындай пікір айтқан танымал адамдар онсыз да қоғамда өршіп тұрған мәселені ушықтыруы мүмкін. Қоғамдағы кейбір еркектердің әйелдерге деген көзқарасы дұрыс емес. Мен азамат Ұланғасыр Қамидің бейнежазбасын өтінішіме тіркей алмадым. Өйткені платформа бейнефайлдардың кейбір түрлерін қабылдамайды екен”, – делінген жазбаша арызда. 

Еске салайық, хитмен Ұланғасыр Қами болашақ жарына намаз оқытып, хиджаб кигізетінін айтқан ойы қоғамда қызу талқыға түскен еді. 

Талқылау