Допинг дауына іліккен Жасұлан Қыдырбаев: Алексей Ни ол кезде менің жауым еді, соның қысымы болды
Қыдырбаев Жасұлан – қазақстандық ауыр атлетші. 2014 жылғы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізген спортшы жұмыссыз қалған уақыттары мен өкініші, спорттағы қысымдар туралы айтты. Алексей Ниді жауы санайтын спортшы допинг дауына қалай іліккенін түсіндірді.
Бұл туралы спортшы “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында айтты.
Жасұлан Қыдырбаев 2015 жылы желтоқсан айының соңында IWF Хьюстонда өткен әлем біріншілігі кезінде тапсырған допинг-сынамаларынан тыйым салынған препараттар табылғаны үшін уақытша спорттан шеттетілген еді. Спортшы саясаттың құрбаны болдым деп ақталды.
“Таққа мінгізетін де, түсіретін де Алла. Алтын медаль алып тұрып, кейін жұмыс сұрап, әр есікке бас сұққанымды жасырмаймын. Чемпион бола тұра жұмыссыз қалған уақыттар болды. Қанша спорт мектебіне, кәсіпкерлерге жүгіндім. Бәрі жақсы шығарып салғанымен, ешкім басымнан сипамады. Сол кездерде басқа елдің атынан шығуды ойладым. Бірақ ол үшін Қазақстанның рұқсаты керек болған соң ойым іске аспады”, – деді спортшы.
Айтуынша, жұмыссыз қалған сәтте жары саудамен айналысып, ақша тапқанын мойындайды.
- Данияр Елеусінов чемпиондық атақты жеңген соң алдағы жоспарымен бөлісті
- "Дикий" Арман әлем боксының жұлдызына шапан кигізді
“Әйелім маған көп қолдау көрсетті. Маған қарап отырған жоқ. Саудаға шығып кетті. Кейін мен де көмектестім. Саудада береке бар дейді ғой. Таксист болған кезім болды. Кейін бапкерлікке қайта келдім”, – деді ол.
Жасұлан Қыдырбаев саясат құрбаны болып, допинг дауына іліккенін айтады. Бұл тұста өзінің жауы санайтын бапкер Алексей Нидің зияны тиді ме деп те топшылайды.
“Біз таза едік. Бапкерлеріміз бізді ақтауға барын салды. Біз саясаттың құрбаны болдық. Ол кезде Алексей Ниді жау санайтынмын. Әлем чемпионатына барар кезде де маған тосқауыл болған еді. Сол кісінің бір қысымы болды ма деп те ойлаймын. Жұмбақ болып қалды. Мүмкін дүниежүзілік саясаттың әсері. Бірақ кейін Нидің алдына бардым. Мен алтын алып беремін деп жарысқа жіберуді сұрадым. Себебі ол кезде менің командам тарап кетті. Қасымда ешкім қалмады. Сенер ешкімім болмады. Зілтемір көтерсем екен деген арманым аяқсыз қалмаса екен деп тырыстым. Алайда ешкім құлақ аспады, – дейді ол.
Спортшы ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын басқаруға бір қазақ лайықты емес пе деп қынжылады.
“Алексей Ни құраманы басқарды. Кейін соның шәкірті Бақыт Ахметов келді. Ол – қырғыз. Сонда қанша қазақ бапкер жүр. Қанша спортшы жүр. Солардың біреуі лайық емес пе? Біресе корейді қойды, біресе қырғызды қойды. Соған іштей өкінішім бар”, – дейді спортшы.