Ақтөбелік кәсіпкер олимпиада чемпионы Елдос Сметовке 100 жылқы сыйға тартты
Ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Маханов дзюдодан 60 келі салмақта Париж олимпиадасының алтын жүлдегері атанған Елдос Сметовке 100 жылқы сыйға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Кәсіпкер спорт жанкүйері екенін, олимпиадаларды үзбей көретінін тілге тиек етті. Сондай-ақ Елдос Сметовтың Париж Олимпиадасының чемпионы болатынына сенгенін айтты.
"Елдос осы жазғы Олимпиадада бірінші орын алады деп үміттендім. Үміт ақталды. Өзім Елдос Сметовтің телефон нөмірін тауып алып, хабарластым, ауылға келуін сұрадым. Оған 100 жылқы атаған жайым бар. Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылына апарамын. Олимпиада чемпионын ауыл балаларының да көргенін қалаймын. Чемпиондар ауылдан шығады. Мен дзюдошыны жүзбе-жүз танымасам да оның жетістіктерін білемін. Әрі Олимпиаданың алғашқы күні-ақ елді қуантты. Бүкіл қазақты дүр сілкіндірді. Ол әрдайым ағалары бар екенін біліп жүрсе деймін. Спорттан қол үзбей, өзің секілді чемпион тәрбиеле деп бұйымтайымды айттым", — деді кәсіпкер.
Фото: kazinform
Әнуар Маханов Жем бойында қазақы жабы тұқымды жылқы шаруашылығын дамытып отыр. Чемпионға атағаны да асыл тұқымды жылқы.
"Менің бағып отырған жылқым менікі емес, елдің қуанышына, жақсылығына арналған. Өзім ауылдағы спорт мектебіндегі үйірмеге қатысып, жеңімпаз болып жүрген балаларды да қолдап отырамын. Марқұм әкем Ақмырза Маханов та 1976 жылы еркін күрестен Кеңес одағының чемпионы болған. Балаларым да спортқы қызығады. Үлкені футболшы болуды армандайды", — деді кәсіпкер.