Ақтөбеде директор хиджаб киген оқушыларды мектепке кіргізбей қойды
Ақтөбедегі тағы бір мектепте хиджаб дауымен байланысты шу шықты. Бұл жолы орамалды оқушылардың ата-аналары білім ордасына полиция шақырды. Қоғамда үлкен дау тудырған жағдайға қатысты мектеп пен білім басқармасының пікірі де екітүрлі. Үлкендердің өзі келісе алмай жатқан мәселеде баланың күйзеліске ұшырайтынын айтып, психологтар да алаңдап отыр.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Ақтөбедегі № 49 мектептің орамал таққан оқушылары сыныптарына кіре алмады. Қоңырау соғылып, сабаққа жүгірген қатарластарын бүлдіршіндер бүгін сырттан ғана бақылап тұрды. Ақыры сабаққа кіре алмаған оқушылардың ата – анасы мектепке полицейлерді шақырды. Арызды қабылдауы қабылдағанымен құзырлы орган өкілдері дауға араласпады.
«Екі қызым осы мектепте оқиды. Міне, бігін сағат 8-ден бері мектепке кіргізбей қойды. Директордың өзі есік алдында тұрды. Қыз балаға орамал тағуға болмайды, мектепке шешіп келсін дейді. Бұл баланың өз құқы», – дейді ата-ананың бірі Аққанат Жұмабаева.
«Осы классқа келгеннен кейін апайым «бантик тағып келші» деп миымды жеп қойды. Сосын менен басыңа бантик тағасың ба, шашыңды өріп келші» деп сұрады. «Ата-анаң орамалды шеш десе не дер едің, шешесің бе?» деді. Мен «жоқ» дедім. Апай қызғанды», – дейді 3-сынып оқушысы Сәлсәбила Асқарқызы.
Ал мектептің кіреберісіне мектеп формасының үлгісі ілінген. Оны сақтамаған оқушы сабаққа жіберілмейді. Бұл мектеп директорының нақты жауабы.
«Бүгінгі күні 13 оқушы орамалмен мектепке келіп жүрді. Біз бұл оқушылардың ата-аналарына алдын ала ескерткен болатынбыз. Бұл оқушыларды мектепке кіргізбеген себебіміз, №26 2016 жылғы 14 қаңтардағы бұйрығы бар. Сол бұйрықтың 13 – тармағын басшылыққа алып және мектептің ішкі оқу формасын сақтау мақсатында», – дейді №49 мектеп директоры Ерік Нұрмахан.
Президент те кеше ғана орамалға қатысты өзінің ұстанымын айтқан болатын.
«Жалпы қазақтың әйел азаматтары, қыздары еш уақытта бүркенген жоқ. Бұрымдарын салбыратып, шолпыларын сыңғырлатып жүретін қыздарымыз болды. Сондықтан біз сонша ғасырлық тарихымызды алып келіп, қазір басқаша жолға түсеміз бе?» – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Президент осылай дегенімен, облыстық білім басқармасы мамандары орамалмен келушілерді қолдайтын сияқты.
«Ешкімнің білім алу құқын шектеп жатқан жоқпыз. Біз мектепке келген барлық балаларды отырғызамыз. Ондай талап қойылған жоқ. Біз барлық балаларды оқытуға міндеттіміз», – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлдана Бекиева.
Қоғам талқысына түскен бұл жағдайға психолог мамандар да бей-жай қалмады. Мамандар балалардың күйзеліске түсетінін айтып алаңдап отыр.
«Балалардың жастайынан орамал тағуына біріншіден ата-ананың ықпалы болып тұр. Әрине, бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, баланың еркін дамып жетілуіне толық мүмкіндік бере алмайды. Балаларда өзін өзі толық сезінбейтін комплекс болады», – дейді психолог Мейрамгүл Есенқұлова.
Нақты заң бекітілмей орамал мәселесі үлкен дау туғыза берері сөзсіз. Себебі, орамалды қолдаушы оқушылар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Жіберіп алмаңыз:
Атышулы Тоқтар Төлешовтің ісі басқа бапқа ауыстырылды
Көкшетауда 70 жастағы әжей өзін пышақтап тастаймын деп жанжал шығарды