Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында жасөспірімге найзағай түсіп мерт болды

Ақтөбе облысында ер адам мен жасөспірімге найзағай түсіп, салдарынан біреуі қаза болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

найзағай

Қайғылы оқиға 20 мамырда сағат 19:00 шамасында болған. Ақтөбе қаласының маңындағы Белогорка ауылында 27 жастағы ер адам мен 15 жастағы балаға жай түсті. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Ал ер адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде жағдайы қалыпты.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажеттігін еске салды. Атап айтқанда, биік ағаштар мен электр желілердің жанында тұруға болмайды. Найзағай кезінде суға түспеген жөн. Себебі жай түссе, су арқылы мерт қылуы әбден мүмкін.

"Сосын қолда ұзын темір заттарды, мәселен, қармақ пен қолшатыр ұстамаған жөн. Сол сияқты темірден жасалған құрылыстардан алыс жүрген дұрыс. Телефонмен қоңырау шалмаңыз. Ол құрылғы қосылып тұрса да, найзағай түсуі мүмкін", –  деп ескертті департамент мамандары.

Найзағай кезінде металл заттарды да тақпаған жөн.

Талқылау