Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

800 отбасы зардап шегіп отыр: Ақтаулық тұрғын үй кешендерінің үлескерлері президентке үндеу жасады

"ISA Group" ЖШС салымшылары ел президентіне видеоүндеу жасады. Онда тұрғындар төрт жыл бұрын берілуге тиіс үйлерінің құрылысын аяқтауды тездетуді сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин
Тұрғындардың хабарлауынша, компанияда аяқталмаған үш нысан бар: "Сұлтан", "Мұрагер" және "Аққала" тұрғын үй кешендері. Барлығы 800-ге жуық отбасы үй құрылысының аяқталмауынан зардап шегіп отыр. Қазір компанияның техникалық директоры мен кәсіпорын басшысының орынбасары тергеу изоляторында. Құрылыс ұйымының бас директоры бостандықта жүр.

Азаматтардың  айтуынша, олар төрт жыл бойы барлық құзырлы органға шағымданған, бірақ нақты нәтиже жоқ.

"Біз қаражатымызды "Сұлтан" тұрғын үй кешеніне салдық. Құрылыс салушы – "ISA Group" ЖШС. Қала әкімі, прокурорлар мен судьялар мәселені қала тұрғындарының пайдасына шешіп бере алмағандықтан, президентке жүгінуден басқа амалымыз жоқ. Қазір біздің құрылыс салушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бірақ бас директор бостандықта, үйімізді ары қарай кім салатынын білмейміз. Тұрғындар 4 жылдан бері баспанасыз отыр", – дейді тұрғындар.

Үлескерлердің айтуынша, олар тіпті "Сұлтан" тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін жаңа инвестор тауып та қойған. Ол құрылысты аяқтап, тұрғындарға  пәтерлерді үлестіруге дайын, бірақ оған рұқсат берілмей отыр.

"Осы тұрғын үй кешені құрылысын аяқтауға ниетті инвестор бар, бірақ оған әкімдік рұқсат бермей отыр. Екі жылдан астам қала, облыс әкімдігін торығанымызбен, бірде-бір мемлекеттік орган тұрғындардың мәселесін шешкісі келмейді. Бәрі бір-біріне сілтейді. Барлығының сылтауы бірдей, біз пәтер сатып алған кезде олар бұл қызметтерді атқармаған және ештеңе білмеген, құрылысқа рұқсат бермеген. Қаладағы жарнамалық баннерлерді көрмеген", – дейді үлескерлер.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. 

"Сұлтан" тұрғын үй кешенінің құрылысшысы "Интерьер Строй Ақтау" ЖШС. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың 2-тоқсанында басталды. Бұл ретте құрылыс компаниясында тұрғын үй  құрылысын салуға құқық беретін құжаттар (келісілген эскиздік жоба, жұмыс жобасына сараптама қорытындысы, құрылыс басталғаны туралы хабарлама) жоқ. Құрылыс тәртібін бұзғаны үшін Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен Ақтау қаласының прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік жаза шараларын қабылдады", – делінген бөлім хабарламасында.

Бұған қоса Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғаған. 

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес "өз бетінше салынған ғимаратты" бұзу туралы облыс әкімдігі жіберген талап арыз Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 17 шілдедегі №4712-23-00-2/941 шешімімен қанағаттандырылды және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 4712-23-00-2 / 941 қаулысымен заңды күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімдігі үлескерлерден ақша алуға рұқсаты жоқ компаниялардың тізімін жариялаған.

 

Талқылау