Трамп жақын арада жанжалдың шешімін табады – Украина бойынша арнайы өкіл
АҚШ-тың арнайы өкілі Кит Келлог Fox News-қа берген сұхбатында Дональд Трамптың Ресейге Украина мәселесін шешуде ешқандай жеңілдік жасамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Кит Келлог (Getty Images)
"Адамдар оның Путинге немесе орыстарға бір нәрсе беруге тырысып жатпағанын түсінуі керек. Ол Украинаны қорғап, оның егемендігін сақтап қалуға тырысады және мұның әділетті әрі адал болуын қамтамасыз етпек", — деді Келлог.
Келлогтың айтуынша, Трамп Украина мәселесін шешуде Владимир Путинмен де, Украина президенті Владимир Зеленскиймен де келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Келлог қазіргі президент Джо Байденнің ең үлкен қателерінің бірі – Путинмен келіссөздерге қатыспағанын атап өтті.
Келлог жеке және кәсіби тұрғыдан алғанда Украинадағы қақтығысты шешу бойынша нәтижеге 100 күнде жетуді мақсат еткенін айтты.
7 қаңтарда Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты жарты жылда тоқтатуға үмітті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Путиннің диалогқа дайын екенін білетінін айтты. Бірақ өз инаугурациясына (20 қаңтар) дейін ешқандай байланыс болмайтынын растады. Трамп Ресейдің Украина НАТО-ға мүше болуына қарсы екеніне қатысты "сезімдерін" түсінетінін жеткізді.
Оның пікірінше, Мәскеу мен Киев арасында бәрін қанағаттандыратын "келісім" болған. Алайда бұл келісімді Байден бұзғанын еске салды.
Украинаның альянсқа кірмеуден бас тартуы – Ресейдің оқ атуды тоқтату және келіссөздерді бастау үшін қойған негізгі талаптарының бірі. Бұған қоса, Ресей Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарынан украиналық әскерлердің шығарылуын талап етеді. Бұл қатардар Киевтің ядролық мәртебеден бас тартуын, Қырым, Севастополь және жаңа аймақтарды Ресей құрамындағы деп тануын және Мәскеуге салынған санкциялардың алынуын қоса кетті. Бұл шарттарды Владимир Путин маусым айында жария еткен. Ал қарашада осы шарттар негізінде диалогқа дайын екенін растаған. Желтоқсанда Ресей келіссөздерде ымыраға келуге дайын екенін мәлімдеген.
6 қаңтарда Владимир Зеленский Украина келіссөздердегі ықтимал талаптарын сипаттады. Оның ішінде НАТО-ға "ішінара мүшелік" бар (яғни қауіпсіздік кепілдіктері Киев бақылауындағы аумақтарға ғана таралады). Сонымен қатар Украина билігі жоғалтқан аймақтарға талаптарын ресми түрде алып тастаудан бас тартпақ. Президент қару-жарақ жеткізу мәселесін маңызды деп атап өтті. Бірақ Украина қару-жарақты атысты тоқтату режимі сақталған жағдайда ғана пайдаланбайтынын қосты.
Еске салайық, бұған дейін Америка құрама штаттарының президенттігіне үміткер Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты реттеуге, сондай-ақ Үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алуға тағы да уәде берді. Саясаткер бүкіл әлем Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына өте жақын екенін айтты. Дональд Трамптың айтуынша, егер ол сайлауда жеңіске жетсе, Джо Байден әкімшілігі тудырған барлық халықаралық дағдарысты тоқтатамын деп ант берді.