АҚШ-та 120 мыңға жуық биткоинді ұрлаған ресейлік хакер бес жылға сотталды
Ресей және АҚШ азаматтығын алған Нью-Йорк тұрғыны Илья Лихтенштейн ірі криптовалюта ұрлығынан түскен ақшаны жылыстатқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: BBC
Лихтенштейн 2016 жылы Bitfinex криптовалютасын бұзып, 120 мыңға жуық биткоинді ұрлағанын өткен жылы мойындады. Ол кезде ұрланған сома 71 миллион долларға (35 миллиард 333 миллионнан аса) бағаланған. Бірақ кейін Bitcoin бағасының күрт көтерілгенін ескерсек, ол 4,5 миллиард долларға дейін өсті. Қазіргі валюта бағамы бойынша бұл 10 миллиард доллардан асады.
АҚШ бас прокурорының орынбасары Лиза Монаконың айтуынша, бұл іс бойынша тәркіленген активтер АҚШ әділет министрлігі тарихындағы ең ірі тәркілеу болды.
Лихтенштейн 2022 жылдың ақпанында қамауға алынып, өз әрекетіне өкінетінін білдірді. Сондай-ақ ол жазасын өтегеннен кейін киберқылмыспен күресуде өз дағдыларын қолдануға дайын екенін айтты.
Лихтенштейнмен бірге оның әйелі Хезер Морган да қамауға алынды. Ол өткен жылы ақшаны жылыстатуға қатысқанын мойындады. Оған қатысты үкім 18 қарашада шығады деп жоспарланған.
Фото: bfm.ru
Сот мәліметіне сәйкес, Лихтенштейн Bitfinex биржасын бұзу үшін озық хакерлік құралдарды пайдаланған.
Оның құралдарына жалған сәйкестіктерді пайдалану, әртүрлі криптовалюталарға ақша аудару және алтын сатып алу кіреді.
Прокурорлардың хабарлауынша, Ресейде туып, АҚШ-та өскен Лихтенштейн отбасылық сапарларында курьерлермен кездесіп, жылыстатылған ақшаны еліне аударған.
“Алынған қаражаттың бір бөлігі әртүрлі сатып алуларға жұмсалған. Мысалы, 500 долларға (248 мың 825 теңге) Walmart сыйлық картасын алған. Бұл картамен сатып алу қылмыскерлердің ізіне түсуге септігін тигізді”, – дейді прокурорлар.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, ерлі-зайыптылар Манхэттеннің Уолл-стрит аймағында тұрған. Хезер Морган Forbes журналымен бірлесіп жұмыс істеп, әндерінің бірінде өзін "Уолл-стрит қолтырауыны" деп атаған.
Морган қамауға алынғаннан кейін оның әндері мен бейнебаяндары әлеуметтік желіде тарап кетті.
Айта кетейік, бұған дейін Астананың екі тұрғыны криптовалютаны заңсыз саудалап, 90 миллион теңгеге жуық табыс тапқаны туралы жазған едік.