Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкемнің үйленгенін құрбымнан естідім": Абай Бегейдің қызы өгей анасымен қалай танысқанын айтып берді

Танымал әнші Абай Бегейдің қызы Сымбат екінші анасымен қалай танысқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/symbatabaikyzy/

Ол жеке парақшасына фото жүктеп, оқиғаның қалай басталғанын бүкпесіз баяндап берді. 

“Көпшіліктің сұрауы бойынша бүгін апаммен таныстығымыз жайында жазғым келіп отыр. Ең алғаш рет менің туған күнімде кездестік. Әкем Алматыға арнайы туған күнімді тойлау үшін ұшырып әкелді. Туған-туыстарымызбен мейрамханада бас қостық. Бір кезде Рахман деген ағаммен қазіргі апам кіріп келді. Мен Рахман ағаның құрбысы шығар деп ойладым. Қайдан білейін, менің болашақ анам болатынын. Сонымен әңгімеміз жарасып, күшті сөйлесіп кеттік. Алматыда бірнеше күн болып, Ақтауымызға қайттық. Бір күні сабақтан келіп, Аминокпен есік алдына ойнауға шықсақ, сыртта барлығы бізге тесіле қарай бастады. Түсінбей қалдым. Бір кезде құрбым "сенің папаң үйленіп жатыр ма не?" деп сұрады. Мен “жоқ” деп тұрсам, әлеуметтік желіден көрсетті. Әкем мен апам төрде отыр. Сол кездегі менің жағдайымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмады", – деп жазды әншінің қызы. 



Сымбаттың айтуынша, әкелерінің үйленуіне қарсы болған. Тіпті, үлкен әпкесі Гүлеркем әкесімен екі жыл араласпай қойған көрінеді. 

“Сол күні Амина екеуіміз қатты жыладық. Бала болсақ та, “өгей шешеміз ұрса қайтеміз?” деп ойлап үлгердік. Ерке папаға хабарласып, қатты ұрысты. Ертеңіне әкеміз Алматыдан ұшып келді. Үйге үлкендер жиналып, қатты айқай болды. Бізге төрт жыл көмектескен анамның сіңлісі Тоты әпкеміз үйден кетті. Әкеміздің қасына ешқайсымыз жоламай қойдық. Бір күні әкем: “Алматыға қыдырамыз” деп бізге билет алып қойғанын айтты. Үйге жеткен соң, тіке төргі бөлмеге кіріп кеттік. Бірақ апамыз бізді жақсы қарсы алып, күтті. Әңгімеге араласып, жақсы адам екеніне көзіміз жетті. Алматыға қыдырып барып, сол қалада тұрақтап қалдық. Апамды көрген сайын сол қылықтарымыз еске түседі. Кішкентай күнімізде сынақтың астында қалдық. Өмірлік сабақ алдық. Қазір бәрі жақсы. Апам Аминок екеумізді ерекше жақсы көреді. Апамды сыйлаймын, құрметтеймін”, – деп жан сырын ақтарды Сымбат. 

Еске салайық, Абай Бегейдің әйелі ән айтып, сынға қалғанын жазған едік. 

Талқылау