Әкемнің кітабын қазақ тілінде оқымадым – Сәбит Мұқановтың қызы
YouTube желісіндегі Q•REC арнасында журналист Әлия Әшім жазушы Сәбит Мұқановтың қызы Жанна Мұқановамен сұхбаттасты. Ол әкесінің арқасында қазақ тілін жақсы білетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
"Ол кезде мектептерде қазақ тілі оқытылмайтын. Адамдар бір-бірімен тек орысша сөйлесетін. Алайда менің ата-анам үйде тек қазақша сөйлесетін. Мектептегі мұғалімдердің барлығы орыс тілді. Қазақ мектептері тым аз, бір ғана мектеп болды. Әкем жиналыстарда үнемі бастама көтеріп: "Бізге қазақ тілінде оқытатын мектептер көп керек" деп айтатын. Ғабит Мүсірепов пен Жұбан Молдағалиевтің барлық балаларын білемін. Біз барлығымыз №56 орыс мектебінде оқыдық", – деп бөлісті жазушының қызы.
Жанна Мұқанова қазір жастар арасында қазақша сөйлейтіндер артып келеді деп есептейді.
"Әрине, әр ұлт өз тілін білуі керек. Адамдар кітапты түпнұсқада оқи алуы керек", – дейді Жанна Мұқанова.
"Сіз әкеңіздің кітаптарын түпнұсқада оқи алдыңыз ба?" – деп сұрады журналист. Жанна Мұқанова "жоқ" деп жауап берді.
"Мен қазақ тілін білемін және түсінемін. Мен тіпті қазақ тілі курстарына жазылдым. Бірер айдан кейін әкемнің кітаптарын түпнұсқада оқи аламын деп ойлаймын", – деп жауап берді жазушының қызы.