"Әкеме ренішімнің барын жасырмаймын": Актер Рамазан Амантай отбасы туралы айтып, көзіне жас алды
Отандық киноларда бой көрсетіп жүрген Рамазан Амантай алғаш рет отбасын айтып, көз жасына ерік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Динамен дұрыс” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Актердың анасы да өнерден құр алақан емес.
“Анам туралы айтқанда көзіме еріксіз жас келеді. Керемет талант иесі бола тұра, отбасын таңдады. Балаларының өнерлі болғанын қалады. Карьера қумады. Арманынан біз үшін бас тартты. Мен бір-бірін шексіз сүйетін, құрметтейтін ата-ананың баласы болдым. Көріп келе жатқаным – тек әке-шешемнің бір-біріне деген ыстық махаббаты. Шешемнің көп қиындыққа төзгенін ойласам, жылап қаламын. Бұл көз жасы трагедия немесе әлсіздік емес. Анам көп нәрсеге көз жұмып, іштен тынды, – дейді актер.
Айтуынша, анасы да еш өкінбейтін көрінеді.
“Осы күнге дейін әттеген-ай, сахнаға шықпадым деп өкінген кезі жоқ. Іштен тынуы да мүмкін. Бір жағынан, сахнаға шықпауы әкемнің қарсылығынан ба деп ойлаймын. Әкем үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелейтін әйелді қалаған шығар. Мен актер боламын дегенде екеуі де қолдады, бірақ анам өнер жолын қуғанымда ерекше қуанды”, – дейді өнер иесі.
Алайда актер әкесімен қарым-қатынас туралы сұраққа тосылып жауап берді.
“Қазіргі салмақ қосуымның себебін психологтер ата-ана реніш деп айтады. Анама ешқандай реніш жоқ. Бірақ әкеммен келіспей қалатыным рас. Ол кісінің өз әлемі бар. Екеуміздің көзқарасымыз сәйкес келмейді. Ойымыз бір жерден шықпай қалып жатады. Кез келген мәселеде айтысып қалатынымыз рас. Қатты сөз айтып, ренжітіп аламын ба деп қорқамын. Сондықтан ештеңе айтқым келмейді. Ештеңені өзгертпей өз қалпында қабылдауға тырысып жүрмін, бірақ өте қиын. Әкеме ренішімнің барын жасырмаймын, – деп шынын айтты актер.