Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақан Сатаев "Қазақфильм" АҚ президенті қызметінен кетті

Ақан Сатаев Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ басшысы қызметінен кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Ақан Сатаев

"Бүгін Ақан Қарғамбайұлы аты аңызға айналған киностудия басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Оның ары қарайғы шығармашылық жолы да кино өнерінің дамуына септігін тигізетін серпінді жобалармен безендірілетініне сенімдімін", - деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.

Ақан Сатаев 1971 жылы Қарағандыда дүниеге келген. 1994 жылы Алматы қаласындағы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін бітірген. 2003 жылы "Sataifilm" киностудиясын құрды, ал 2007 жылы "Рэкетир" атты алғашқы толықметражды фильмін түсірді.



"Адасқандар" (2009) мистикалық триллерінің, "Ағайындылар" сериясының (2009), "Ликвидатор" психологиялық драмасының (2011), "Жаужүрек мың бала" (2012) тарихи фильмінің режиссері. Сондай-ақ Ақан Сатаев "Районы" криминалдық драмасының (2016), "Анаға апарар жол" (2016) тарихи драмасының, "Бизнесмендер" (2018) фильмінің, "Томирис" (2019) тарихи фильмінің де режиссері.

Ақан Сатаев "Қазақфильмді" 2020 жылдың шілдесінен бастап басқарған.

Талқылау