Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аида Балаева Әли Оқаповтың марапатталуына қатысты сынға жауап берді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әли Оқаповтың "Құрмет" орденімен марапатталуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Балаеваның айтуынша, кейбір сарапшылар түрлі мәдениет қайраткерлерінің жеке қасиеттерін бағалау кезінде жиі біржақтылық пен теріс пікір ұстанатынын және бұл көп жағдайда елге танымал адамдардың балаларына қатысты екенін атап өтті.

"Анасының танымалдылығына байланысты көпшілік Әли Оқаповтың шығармашылығына күмәнмен қарайды. Бірақ мен көп жылдар бойы Әлидің шығармашылық жолы мен дамуын мұқият қадағалап келемін және Әлидің де анасы сияқты нағыз еңбекқор екенін айтқым келеді, тамаша сахна шебері, өз көрерменіне үлкен құрметпен қарайтын жоғары білімді талантты өнерпаз. Әли де Роза Қуанышқызы сияқты патриот", – деді Аида Балаева.

Министр Әли Оқаповтың марқұм әкесінің ісін жалғастырып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, Әли Оқапов марқұм әкесі Тасқын Оқапов жетекшілік еткен аты аңызға айналған "Арай" ансамблінің жұмысын қайта жандандырып, "А-Студио" тобының әндеріне жаңаша үн берген. Әли Оқаповтың әндері Қорғаныс министрлігінің іс-шараларында орындалып жүргенін де тілге тиек етті.

"Мен Әлиді нағыз еңбекқор адамның үлгісі деп есептеймін. Адал еңбек қашанда жоғары бағалануы керек. Сондықтан баға берер кезде өнерпаздың шыққан тегіне қарамай, әділ болуымыз керек деп есептеймін. Әли Оқаповтың марапаты – жастарымызға үлгі әрі оларды ынталандыру деп ойлаймын", – деді Аида Балаева.

Еске салсақ, бұған дейін Әли Оқапов көпшіліктің сынынан кейін барлық марапатынан бас тартқаны туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау